Тәуелсіздік туын желбіреткен...
Ел басына күн туған шақта, туған жерді жаудан құтқарып, еркіндіккке жету үшін қаншама қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірген – Ұлы халықпыз.
Мұқабасы қалыңдаған тарих беттерін парақтай бастасақ, екі ғасыр бойы жоңғарлармен арпалысқан, 70 жылдай Кеңес Одағының бодандығынан босай алмаған еліміздің болашағы, яғни өскелең ұрпақтың бақытты ғұмыры үшін табандылық пен қайсарлықтың, шыдам мен жігердің беріктігін танытқан Алаш елін көреміз... Одан қалды, барлық ғұмыры мен болмысын ұлт мүдде- сіне арнаған «Бес арысымызды» алсақ та, елім деп басқа ұлт өкілдерінен оқ бойы түзу болған Ұлы Отан соғысындағы арлы азаматарымыз бен қайран аналарымыздың қайталанбас ерлігін алсақ та - осы азаттық пен еркіндіктің иісін аңсап, үмітін үзбеген сабырлы елімізді көреміз. Әу бастан-ақ ата-бабаларымыздың бойында жерін жауына бастырмай, ұлын құл, қызын күң етпей, еркіндікке баулыған, садақ ұстап, жанын шүберекке түйсе де бүгініміз бен ертеңіміз үшін күресе білген өз елінің адал перзенттері мен ұлы тұлғаларын көреміз...
Соның бірі – 1986 жылдың желтоқсаны. Шыны керек, талай жылғы ұлы дүрбелеңнен кейінгі Желтоқсан қаһармандарының бұл қозғалысы қазақ еліне үш ғасырға жуық уақыт бойы арман болған тәуелсіздікті мәңгілікке алып келгендей түйіледі.
«Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі»,- деп ұлтын сүйген азамат Бауыржан Момышұлы айтқандай, туған елінің мүддесін жан-жүрегімен сезінген, халқының тәуелсіздігі үшін қасық қанын қиып, қыршын өмірін құрбан еткен, жүректері оттай жалындаған жастарымыз жайлы тебірене сыр шертпесек, толғана ой қозғамасақ болмас деген оймен өз сыныбымда тәрбие сағатын өткіздім. Шежірелі сабақты баяндаудан бастаған маған оқушыларымның үнсіз, қыбыр етпей тыңдағаны әсер етті ме, әлде сол көріністер көз алдымда күні бүгін болғандай қылаң етті ме, әйтеуір, әдемі сарынмен айта беріппін, айта беріппін...
Әлі есімде, 1986 жылдың қақаған суығы, яғни қарлы боранмен арпалысқа түскен 16 желтоқсанда барлық алматылықтардың сүйікті оталығы, Алматы алаңында, небары 18 минутқа созылған естен кетпес ұнамсыз жиынның болғаны. Онда елімізді ширек ғасыр бойы өзінің сауаттытылығы, саналы және өте мәдениеттілігімен басқарып, ТМД елерінің алдыңғы қатарында тізгін ұстатқан Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевты себепсізден-себепсіз алып, орнына шеттен келген «шүрегей» Геннадий Колбинді тағайындауы болды. Осындай құлақты елең еткізетін қауырт сөз бүкіл елге жайылды. Нағыз қазақтың тілі де, діні де, салт-дәстүрі де сол күйінде сақталған Қызылорда қаласында оқып жүрген бізге де құлаққағыс жеткенімен, сол кездегі саясаттың ұнамағаны белгілі. Өйткені ұйып, бейбітшілікте отырған елді өз жері-туған мекенінде бөгде біреудің басқаруы – ақылға қонбайтын іспен тең болды. Бұл келеңсіз оқиға тек қана қазақ ұлтына ғана емес, басқа елге де, басқа ұлт өкілдеріне де үлкен ой салды. Сондықтан да айдың күні аманында, атадан мирас болып қалған байтақ туған жерді бөгде біреудің алақанына салып беру оңай емес екендігі кімге де болса аян...
Міне, жігері мұқалып, тауы шағылып, қалың қазақ елінің намысы оянуы – өлгеніміз тіріліп, сөнгеніміз жанды дегенмен бірдей... Сөйтіп, қазақ халқының, соның ішінде жалындаған қазақ жастарының наразылығынан туындаған – Желтоқсан оқиғасы тарих бетінен өшпестей етіп, ойып тұрып өз орнын алды.
Әр тарихтың парақталуы өз қаһарманын табады. Тарих бетіне Тәуелсіздікпен бірге - Қайрат, Сәбира, Ләззат, Ербол сынды аптал азаматтарымыз бүгінгі таңның шапағатын алып келді. Қуғын-сүргіннің зардабын шеккен М.Жұмабаевтың « Мен жастарға сенемін » атты ұранын жастар өз жігерлілігімен, қамал бұзар қайсарлығымен дәлелдей келді. Ата-бабаларымыздың арманын орындады. Қазақ елінің Тәуелсіздігін орнатты. Дүйім ел риза болды.
Дүрліккен елдің көтерілген көңілі мен қатар, есітетін суық хабары да аз емес екен. Атышулы Желтоқсан оқиғасына ат салысып, көтеріліске шыққан жастарға тағатын жазықсыз жазалары да шаш етектен болды... Іле-шала естігеніміз: жалған жаламен жүзге жуық адам сотталса, жоғары оқу орындарынан - 265-і, комсомол қатарынан – 758-і, коммунистік партия қатарынан – 52-і шығарылған деген ақпараттар тарады.
Қайраттың «ақтық сөзіне» құлақ түрсек, алаңға жаман оймен бармағанын байқаймыз. Ел жиналған алаңға барудағы мақсаты да не болып жатқанын өз көзімен көру екен. Қазақтың уыздай жас, ару қыздарын жендеттерден қорғауға барғанын да жасырмайды... «Ер қатарында, ер қара боп саны бар, сапасы жоқ боп, ербеңдеп жүрген намыссыз еркек мен емеспін; құдайға шүкіршілік, кеудемде нағыз ерге лайық намыс баршылық. Оның үстіне "Қыздың жолы жіңішке" деген. Менің түсінігімше, әйел адамдарға ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдардың – хайуандардың еркегі де – ұрғашысына мүйіз болмаса, тұяқ көтермейді. Ал, біз, бәріміз де аң емес, адамзаттың ұлы – адамбыз... Міне, қысқаша айтқанда, осындай түсінікпен, әйел затына ер болып, өз қол ұшымды беріп көмектесуге, оларды арашалап – қорғау үшін барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенімше бар көмегімді бергенімде рас. Ол үшін әлі күнге дейін өкінбеймін, керісінше үлкен мақтан тұтамын. Бірақ та бір құдай өзі куә, адам баласын өлтіргенім жоқ. Мұндай айуандық жасаудың өзі, сор маңдай менің қолымнан келмейді. Еш уақытта, ешқашанда. Ал, әйел затына айуандықпен қол көтеріп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегені үшін бір милицияны ұрып - жыққаным рас. Ол адам күні бүгінге дейін аман - есен, зыр жүгіріп жүр. Өз қолыммен жасаған бір теріс қылық, бар қылмысым осы ғана...»,- деп түйіндейді өз сөзін рухани бай, намысшыл Қайратымыз.
Демек, бүгінгі таңда ұрпақ алдында тебірене жырлайтын « Желтоқсан оқиғасы » XX ғасыр еншісіндегі Тәуелсіздікті алып келген елеулі оқиға. Бұл оқиға – саяси-әлеуметтік құбылыс. Өйткені бұл жастар көтерілісі бүкіл тоталиатарлық-коммунистік жүйенің күйретушісі болды. Бізге де керегі сол еді...
Көптің тілегімен, одан қалды ұлтымыздың біртуар азаматы, ақын М.Шахановтың тікелей араласуымен Алматы алаңындағы оқиғаға байланысты жазаға тартылғандарды бүгінгі күні Елбасы жарлығымен ақтап алды.
Әлі есімде, дәл сол жылы, яғни 1986 жылы 19 желтоқсанда сол кеңес заманындағы астанамыздың жүрегі – Москвада М.Шахановтың шығармашылық кеші болатын. Жыр сүйер қауым, әдебиет қайраткерлері кештің өтуін көптен күтіп жүр еді. Мына көтерілістен соң, күпті көңіл күдіктен арыла алмай дал болды. Кейін « Жалын» альманахынан М.Шахановтың «жоғарыдағыларға» «желтоқсандықтарды ақтап алу» үшін жазған хат, мақалаларын оқи отырып, ел азамататарының, Е.Евтушенконың айтуынша, кештің керемет өткенін, көрермен қауымның қазақ халқына, ақынына деген ілтипатын орындарынан қайта-қайта тұруы арқылы білдіргенін естіп, марқайып қалдым.
Мейлі, қандай қиындық болса да, қасқиып тұрып жеңе білген, елдікті, бірлікті, ерлікті ойлаған жастарымыздың Тәуелсіздік үшін тіккен туы көкте желбірей түссе екен.
Сынып жетекшілік ететін 5"а" сыныбымен өткізген атаулы күндерге арналған тәрбие сағатынан үзінді ұсынуды жөн көрдім. Халық қаһармандарын насихаттау - біздің өскелең ұрпақ алдындағы ең басты міндеттеріміз екенін өз жұмыстарымыз арқылы паш етеміз.
Тәуелсіз елдің өрендері халқымыздың басынан өткен тарих белестерінен мағлұмат алып,батыл ұландарының ерлік істері жайлы мол деректер білгені жөн деп санаймын. Желтоқсан оқиғалары бойынша өткізген тәрбие сағатыңыз шәкірттеріңізді отансүйгіштік рухта тәрбиелейтін бірден- бір іс- шара екені даусыз.