kz ru en

Авторизация


Өзгеріс неүшін қажет?

Өзгеріс не үшін қажет?

 

                                                                 «Халық пен халықты ,

                                                                            ел мен елді теңестіретін–білім»

                                                                                                         М. Әуезов.

 

Мен өзімнің өзгеріс алуым қажет екенін, өйткені әлемдік деңгейдегі білім беру жүйесінің өзгеріп, білім мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің жаңаруы – бүгінгі ұстаздан бәсекелестікке қабілеті мол, өмір ағымындағы кез келген жұмыстың көзін білетін іскер тұлғаны тәрбиелеуді талап ететіндігінен байқадым.

«XXI ғасырда оқушыдан талап етілетін дағдылар жаңа деп айтуға болмайды. Мәселен, сын тұрғысынан ойлау мен проблемаларды іспен шешу дағдылары ерте замандағы құрал жасау, ауыл шаруашылық жетістіктері, вакцинаны ойлап табудан бастап, қазіргі заманғы зерттеулерге дейінгі бүкіл адамзат тарихының өн бойында адам прогресінің сенімді серігі болды» (Мұғалімге арналған нұсқаулық. 6 бет)

Біз дәстүрлі оқытудың барысында да қаншама жетістіктерге қол жеткіздік. Өз арамыздан қаншама жаңашыл ғалым, қоғам қайраткерлері шықты. Соған қарамастан, біз, мұғалімдер қауымы өткенді былай саралаймыз: біз баланың дамуын шектеп, дайын білім беріппіз. Сабақ барысында олардың сыни тұрғыдан ойлануына ықпал жасамаппыз. Білімді жай ғана иеленіп қоймай, орынды жерде сол білімдерін қолдана білуіне назар аудармаппыз. Міне, соның салдарынан бірнеше дипломды жастар өз саласы бойынша жұмыс істемей, басқа арнада жүр деп ойлаймын.

Ал қазақтың ақыны, педагогиканы жақсы меңгерген Мағжан Жұмабаев былай деген болатын: «Бала ешуақытта іссіз отыра алмайтын болғандықтан балаға ылғи пайдалы іс беріп отыру керек. Сол уақытта бала өмір бойы пайдалы іске әдеттеніп кетеді.»

Қазіргі заман талабына сай Кембридж тәсілдерінің мұғалімдерге оқытылуы – ертеңгі күннің жемісі деп ойлаймын. Өйткені Кембридж оқуының модульдері  оқушыға жай ғана білім беріп қоймай, оны дамыта оқытып, игерген білімін өмірде қолдануға бағыт – бағдар береді.

Қазақ педагогикасының негізін салушылардың бірі, жазушы- Ж.Аймауытовтың «Ел түзетуді бала оқыту ісінен бастау керек. Өзгеріс дегеніміз – жаңа тәсілдер. Ол өзгерістер мұғалімге де, оқушыға да оң нәтижесін беруі керек» деп тұжырымдап жеткізуі бекер емес. Демек, осындай өзгерістің басқадан емес, мұғалімдер қауымынан басталуы өте орынды.

Курс материалдары мен ақпарат көздерін зерделей келе, өзгерісті қалай бастасам екен деп көп ойландым. Ізденісім мен жетістігімді бағалайтын бұрынғы сабақтарымды жүйелеп, болашақта өз мектебімдегі білім сапасын көтеру жолында қандай қадамдар жасасам екен деген сұрақтар санамда тұрып алды. Өзім гуманитарлық пәннің мұғалімі болған соң, алдымда отырған әрбір оқушымның бойындағы мүмкіндігін шектемей, шығармашылық тұлғаға айналдыру мақсатында өзге дамыған елдердің білім беру жүйесін салыстыра бастадым. Интернет желілерін пайдалана отырып, көптеген дәлелдемелерге көз жеткіздім. Зерделеп, саралап, нәтижесінде байқағаным дамыған елдердің оқу жүйесінде осы Кембридж Бағдармаласындағы әдіс-тәсілдердің жүйелі пайдаланылуы екен.

Шындығында да, дәстүрлі оқыту барысында жеті модульдің жүйелі бір қалыпқа  түспегенін енді ғана аңғарғандаймын...

Менің де мектебімде деңгейлік оқуды (I,II,III) бітіріп, топтық жұмысты бастап, жаңа әдіс-тәсілдерді өз сабақтарында пайдаланып жатқан мұғалімдер бар. Олардың сабақтарына қызығушылық танытып қатысқанымда, таң қалғаным, оқушылардың өзара білім алмасуы, топта әрбір мүшесінің ат салысып бірігуі, тіпті мұғалім мен оқушы арасындағы негізгі құрал -диалогтің тиімді қолданылғаны байқалды.

Дәстүрлі сабақ кезінде тек мұғалім сөйлесе, мұнда оқушылардың өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндігі бар тапсырмалардың басым екендігі сезіледі. Сонымен бірге мұғалімдердің өзінде де бұрынғы бірсарындылықтан жалығып, сабағын жандандырып, бала қызығушылығын арттыратын неше түрлі стратегияларды орынды пайдалануы – дәстүрлі сабақтың өзін жан-жақты ізденіп, түрлендіріп өткізетін маған біраз ой салды.

Өзімді толғандырған мәселені негізге ала отырып, мектеп басшыларымен кездескен соң, «Өзгеріс не үшін қажет?» деген тақырыпта коучинг өткізгім келетінін айттым. Әрине, мектеп администрациясы мұнымды құптайтынын, мұғалімдеріміздің заман талабына сай өзгеруіне түрткі болатынына қуана келісетіндігін жеткізді. Оның үстіне, мектеп мұғалімдерінің барлығы қатысуы қажет екендігін сұрауым мектептегі оқу-тәрбие меңгерушілерін де бей-жай қалдырмады.

Мектеп директоры П.А.Жұмахановадан бастап, оқу меңгерушілері Г.О.Утегенова, Ф.А.Артыкмуратова, тәрбие меңгерушілері Ғ.А.Абишева, Г.И.Рахаева, сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің жетекшісі Г.А.Қалмановалар тек қызығушылық танытып қана қоймай, коучингтің сәтті әрі мазмұнды өтуіне өз ақыл-кеңестерін аяған жоқ.

Мектеп басшылары бола тұра, жаңа бастамаға өзіндік үлестерін қосқан аты аталған, сондай-ақ көптеген ресурстарды жасауға көмек берген  гуманитарлық пән мұғалімдеріне осы мақалам арқылы алғысымды жеткізгім келеді.

Демек, оқушы алдындағы үлкен жауапкершіліктің үлкен беделге айналғанын қаласақ, өзгерісті өзімізден бастау керек екенін, ол үшін үлкен шыдамдылық танытып, ерен еңбекке ден қоюымыз қажет екенін әсте естен шығармайық, ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР!!!

0
3

Комментарии (0)