kz ru en

Авторизация


Ел болшағы - білімде

Ел болашағы – білімде

Мақсаты: 1. Балалар әдебиетінің жазушылары мен ақындарының шығармаларын оқушыларға насихаттап, олардың заман талабына сай терең білім алып, ой-өрісінің дамуына ықпал жасау.

2. Сөйлеу шешендігін шыңдап, шығармашылық ізденімпаздығын арттырып, сөз мәдениетін жетілдіру.

3. Ақын-жазушылардың еңбектерін оқи отырып, ғылым-білімді жан-жақты меңгерген, өзінің құнды пікірін қорғап, ойын еркін жеткізетін тұлға тәрбиелеу.  

                           Танымдық сайысының барысы:

 Мұғалім сөзі: Армысыздар, біліммен сусындататын құрметті ұстаздар қауымы және сол ілімді бойына сіңіретін жас өрен, оқушылар!

Еліміздің ертеңін нұрландыратын бүгінгі жас, өскелең ұрпақ үшін «Әдебиет – өмір айнасы»,- деп қоғам қайраткері, белгілі қара сөздің зергері -Ғ.Мүсірепов айтқандай, ақиық ақындарымыз бен заңғар жазушыларымыздың елеулі еңбектерін оқып, сүбелі сөзінен орамды ой түйетін оқушыларымызды бүгінгі «Ел болашағы - білімде» атты танымдық(мәнерлеп оқу)сайысына шақырамыз.

Жүргізушілерге кезек беріледі.

I жүргізуші: Армысың, халқым ардақты,

                       Сөз тастайын салмақты.

                       Жиналыпты ортаға бүгін, міне,

                       Сөз зергері жан-жақты.

II жүргізуші: Көрермен қауым, бармысың,

                        Қадірін ұғатүғын қара сөздің.

                        Алдарыңа шығады кіл жүйріктер,

                        Беріңіздер таразылап өз бағасын.

I жүргізуші: Абай: Білімдіден шыққан сөз,

                                  Талаптыға болсын кез.

                                   Нұрын,сырын көруге

                                   Көкірегінде болсын көз, - десе, талапты жанның көкірегі – ояу, білімі -  берік болатынын айтқан.  

II жүргізуші: Демек, қара сөздің майын тамызып, әрбір сөздің нақышын келтіріп сөйлейтін бүгінгі ақберен жүйріктердің әділ бағасын қоятын қазылар алқасымен танысып алайық.(Қазылар алқасын таныстырады.)

I жүргізуші: Өлең – сөздің патшасы, сөз – сарасы,

                       Қиыннан қиыстырар ер данасы.

                       Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп

                      Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы – деп сайысымызды ұлы ақын Абайдың табиғатқа, адамгершілікке, білім-ғылымға байланысты жазған өлеңдерінен берілген үзінділер арқылы  топқа бөлініп, топ басшыларын сайлап алудан бастайық.

II жүргізуші: Сайысқа қатысатын топтың аттары мен топ басшыларын таныстырып алайық.

1-топ – « »                                      басшысы –

2-топ -  «»                                       басшысы –

3-топ – «»                                       басшысы –

I жүргізуші: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Бүгінгі бағдарламада алты Алашқа әйгілі ақын - жазушыларымыздың танымал шығармаларынан үзінділер оқылып, бірнеше тапсырмалар арқылы аламан бәйгенің жүзден жүйрік жеңімпаздары анықталады. Сайыс қатысушыларынан басқа белсенді жанкүйерлерге де арнайы көрімдігіміз бар. Олай болса, сайыс бағдарламасымен таныс болыңыздар!

II жүргізуші:  1. «Поэзия әлемі» Қатысушылардың мәнерлеп оқу шеберлігі айқындалады.

                          2. «Әңгімелесу уақыты» Оқушылар оқыған шығармасы бойынша ең қызықты үзіндісін әңгімелейді.

                          3. «Шешендік  өнер» Ұсынылған тақырып арқылы оқушының шешендік өнері байқалады.

                          4. «Сахналық көрініс алаңы»(«Өнерлі өрге жүзеді») Сайыскерлер оқыған шығармасы бойынша актерлік шеберлігін көрсетеді.

                          5. «Тіл-өнер» Өздерінің төл туындыларын ортаға салады.  

I жүргізуші:   Өмір-өзен, өлең болып ағады,

                         Сел етеді, теңіз болып құяды.

                         Тулағанда сол теңіздің жағасы -

                         Өлең болып ашады екен сананы – деп ең алғашқы бастауды  қатысушылардың өлеңді мәнерлеп оқу шеберлігіне берсек:

                     1.Ж.Молдағалиев «Мен қазақпын»

                     2.М.Шаханов «Төрт ана»

                     3.М. Мақатаев «Поэзия, сен мені мен егіз бе едің?»

                     4.Қ.Мырза Әли «Қазақты шетелдіктерге таныстыру.

                     5.Т. Айбергенов «Ана»

                     6. Абай. «Адамның кейбір кездері»

  II жүргізуші:  Бойды шымырлатып, жүректкен-жүрекке әрбір сөзді  нақышына келтіріп жеткізген сайыскерлердің ең алғашқы сынақтарын бағалау мақсатымен кезекті қазылар бағасына берейік. ( Қазылар бағасы)                                             I жүргізуші:  Қүрметті көрермен қауым, бағдарламадағы екінші сайыс түрі «Әңгімелесу уақыты» деп аталады. Мұнда қатысушыларымыз өз оқыған шығармаларынан ең қызықты жерін әңгімелейді, Мақсаты: қысқа-нұсқа түрде оқырман қауымға оқиға мазмұнын жеткізу. ( Ортаға әр топтан 1 оқушы шығады)

 II жүргізуші:  Кезек қазылардың бағалау сәтіне беріледі

 I жүргізуші:  Көш бастау қиын емес,

                         Қонатын жерде суы бар.

                         Қол бастау қиын емес,

                         Шабатын жерде жау бар.

                         Шаршы топта сөз бастау қиын

                         Шешімін таппас дау бар.-деп бекер айтылмаған. Енді олай болса, кезекті шаршы топта көсіліп сөйлейтін сайыстың  шешендеріне берейік.   Мақсаты: таңдалған тақырыптардың мазмұнын өз деңгейінде, еш қайталаусыз, көркем әрі шешендік тәсілмен жеткізу.           

                                 Тақырыптар:   

                          1. Ауыл – алтын бесігім.

                          2. Сүтпен дарыған тіл.

                          3. Менің анам ешкімге ұқсамайды.

 II жүргізуші:  «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Кімге қай жерде, қай кезде, қалай сөйлейтініңді біл» деген екен Бөлтірік шешен. Демек, осы Бөлтірік шешеннің сөзіне құлақ асқандар болса, сөйлеу бойынша бағалау сәтіне тоқталайық. ( Қазылар бағасы)

I жүргізуші:   Әсемпаз болма әрнеге,

                         Өнерпаз болсаң арқалан.

                         Сен де бір кірпіш дүниеге

                         Кетігін тап  та бар қалан –деп Абай ақын айтқандай, бүгінгі қатысушыларымыздың қандай өнермен келгенін байқайық.

II жүргізуші:  Өмір айнасы  - әдебиет болса, оның кейіпкері - өзіміз.Ортаға өз оқыған шығармаларының кейіпкері болып, актерлық шеберлігін сомдайтын сайыскерлеге сөз кезегі беріледі. Өйткені кейіпкер өмірден алынады,олай болса сөзімен де, қимыл іс-әрекетімен де ақын –жазушылардың ойын беретін қатысушыларымызды ортаға шақырайық.(Қатысушылардың сахна алаңындағы өнерін тамашалау)

I жүргізуші: Ал соңғы бағалау рәсімі мен қорытынды бағаны хабарлап, жеңімпаздарды ортаға шақыру үшін  сөз қазылар алқасына беріледі.

II жүргізуші:  Құрметті өдебиетсүйер қауым, бүгінгі «Ел болашағы – білімде » атты танымдық сайысымыздан өз білімімізді жетілдіру де мол мүмкіндік алдық деп ойлаймыз. Білімді ұрпақ – болашақтың тірегі. Мақтансақ, нәтижелі  тәлім-тәрбиемізбен, білім-қаруымызбен мақтанайық

I жүргізуші:  Құрметті мектеп оқушылары,

                        Жаны толқып, лүпілдеген жүрегі,

                        Бойы өсіп, ойы толқып тұр енді.

                        Үлкен үміт арқалайтын қашанда -

Сендерсіңдер болашақтың тірегі

0
2

Комментарии (0)