«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға...» дегендей , ұстаздық қасиеттер табиғатынан дарыған жандар әр уақытта балаға білгенін үйретуден еш жалықпақ емес. Абай атамыздың осы бір қасиетті сөзінің терең мағынасын мен 15 жыл ұстаздық өмірімде жете түсінгендей болдым. Ізденіп, жан-жақты дайындықпен келіп, жаңа ілімді балаға үйрету, оның нәтижесін көру адамды алдыға қарай жетелеп, шабыттандырады, үйреткеннің үстіне үйрете бергің келеді. Баланың қуанғанынан, күлгенінен, рухани ләззат алу, адамға үлкен күш қуат беріп, жаныңды жадыратады. Бүгінде мектебіміздің зейнеткер ұстазы болған Гүлзейнеп Аманбаевна деген апамыз, бір жиналыста ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уордтың: "Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады", - деген қанатты сөзін айтты. Ұстаз туралы өте жақсы айтылған сөзді естігенде үлкен ой түйдім. Себебі, апамыздың өзі оқушыларды шабыттандыратын ұстаздардың бірі болған, бұл ойдан кейін мен балаларға түсіндіріп қана қоймай, әр айтқан нәрсені көрсетуге, шамам жетсе шабыттандыруға тырысатын болдым. Ұстаздың басты міндеті әр баланың өміріне жол көрсететін шамшырағын жаға білу деп білемін. Себебі, ұстаз берген тәрбие мен білім әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырағы болары анық. Әр бала - қайталанбас жеке тұлға. Осы бір жеке дара оқушылардың жанын түсіне білу- ұстазға ғана тән қасиет.
жақсы жазылған
Жақсы жазылған