kz ru en

Авторизация


Ертегім - ертеңім

Қызымның мақаласын жіберіп отырмын.

                                      Ертегім - ертеңім

 Менің анам- мұғалім.Кішкене кезімнен-ақ маған ертегілер айтып беретін.  Қолы бос уақытында ертегілер оқып,кейіпкерлердің атын сұрайтын. Көбіне ұмытып қалатынмын.   Теледидардан көргенде есіме түсіп айтып беретін едім.     Мектепке келгеннен кейін өзім буындап оқып, түсініп алатын болдым.   Кейде теледидардан  көрем.  Ертегілерді оқыған сайын оның түрлерін ажырата алатын болдым. Кейіпкерлерді, олардың іс-әрекеттерін, түр-түсін, сөйлейтін сөздерін бір-бірінен ажырата алатын едім.Өйткені сол ертегілермен бірге өзім де өстім.Ойым да өсті.   

            Ертегі дегеніміз-ойдан, қиялдан шығарылған   оқиғалар.  Ол халық ауыз әдебиетіінің түріне жатады.  Өйткені олар ауызша айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап жеткізілген.  Әр кезеңдегі ертегі айтушыларға байланысты  ертегілердің мазмұны да өзгеріп отырған.  Сөйтіп жаңа оқиғалармен толықтырылып біздің заманымызға жеткен.  

            Халық баяғыдан-ақ жақсы өмір  сүруді аңсаған.  Алыстарға тез жетуді,аспанға ұшуды армандап, ұшатын кілемдерді ойлап тапқан.    Сиқыршыларға сенген. Ғажайып күштер арқылы армандары жүзеге асады деп ойлаған.  

            Ертегілер көбінесе қара сөзбен айтылған.   Әрқашанда ертегілерді мынадай ұйқас сөздермен бастайды. « Ерте-ерте,ертеде,ешкі құйрығы келтеде», «Баяғы өткен заманда бір кемпір мен шал болыпты» - деген сөздермен басталып, «Сөйтіп мұратына жетіпті» - деп жақсылықпен аяқталады. 

              Ертегілер мағынасына қарап: хайуанаттар туралы ертегілер,қиял-ғажайып ертегілер,шыншыл ертегілер болып бөлінеді. Аң,құс,үй жануарлары-хайуанаттар жайлы ертегінің негізгі кейіпкерлері болып саналады. Бұл кейіпкерлер арқылы адамда кездесетін  ұнамды және ұнамсыз  қасиеттерді байқатады. Ал  батыр адамдардың басынан кешкен әр түрлі оқиғалары қиял-ғажайып  ертегілерде айтылады.Олар қиналғанда  өзінің әр түрлі достары ақылдылығымен алып шығады. Мысалы: Таусоғар,Желаяқ,Көлтауысар,,Саққұлақ ділдә тас,сиқырлы  ағаш. Шыншыл ертегілер өмірдегі шындыққа жанасады,тура өмірден алынғандай болады екен...

            Шынымды айтсам, ертегілерді көп оқығым келетіндіктен бе, көп нәрселерді білгім кеп тұрады. Анамнан,мұғалімнен, кейде интернет желілерінен сұрап біліп аламын. Менің түсінгенім: ертегі жанры  алғашқы  қауымда туған көне  мифтер,аңшылық әңгімелер,хикаялар,әр түрлі ырымдар мен аңыздар екен.Өзінің қалыптасу барысында ертегі осы жанрлардың көптеген  белгілерін бойына сіңірген,ал кейбірі  өз бітімін мүлде    жоғалтып,толық ертегіге айналған.Солардың бірі-миф жанры.Миф-алғашқы рулық қауымның қасиетті деп саналған құпия әңгімесі мен шежіресі.Мифте қоршаған ортаның, дүниенің жаратылуы мен аспан әлемі, олардың іс-әрекеттері  қиял ғажайып түрде баяндалған.Бірақ ол кезде  осының бәрі ақиқат деп саналған.Өйткені мифке бәрі сенген.Алайда уақыт өтіп,адам санасы мен мүмкіндігі жетілген сайын миф өзгеріске ұшырап,құпия болудан қалған.Осының нәтижесінде  мифті айтушы  өз жанынан сөз қосып толықтырған екен.Сөйтіп  алғашында шын болған оқиғалар  бірте- бірте хикаяға,одан ертегіге айналған.Хикая жанры мифтің өзімен бірге ертегіге айналған.Қазақ халқы прозасында осы кезеңдер толық сақталған.

              Қазақтың белгілі батыры,аты аңызға айналған жазушы Бауыржан Момышұлы: «Мен бесік жырын айтпайтын анадан, ертегі айтпайтын әжеден қорқам» - дегеніндей, бүгінгі күні  ертегі оқымайтын балалардан қорқуға болатындай.Өйткені ертегі і оқысаң ой-өрісің де,тіл байлығың да арттып, ойда сақтау қабілетің де дами түседі.

              Өзім бос уақытымда ертегілерді оқи отырып,кейбір өзіме ұнаған кейіпкерлердің суретін саламын,кейбіреулерінің көшірмесін шығарып аламын .  Сыныптан тыс уақытымызда сынып жетекшіміз ертегілер оқытып,түсініктерін айтқызады,талдатады.Кейде кейіпкерлердің  рөлдерін бөліп береді. Бұл біздің сөйлеу мәнеріміздің жақсы қалыптасуына көмектеседі.

             Жақында сынып сағатында «Ертегі әлемінің сиқыршысы» атты байқау өткізіледі. Мен оған өзімнің ұнататын ертегілерімнің кейіпкерлеріін қатыстырамын.

              Мен өз құрбыларымның да компьютер, теледидар алдында отырмай, кітапханаға барып, қазіргі күнде балаларға арналған  «Аруна», « Балалар әдебиеті», « Балауса», « Кітап», «Атамұра» сынды баспалардан шығатын кітаптарды оқуға шақырамын.

Біз, қазақ балалары, білімді,ой-қиялы жүйрік,саналы  болып өскенде ертеңіміз жарқын болады деп ойлаймын. Сол мақсатпен де мен өз тақырыбымды « Ертегім-ертеңім» -  деп атадым емес пе?!  Олай болса,ертеңімізді қиялға толы ертегімізден бастайық...

3
8

Комментарии (3)

Белгибаев Рашит,
Пользователь

Жақсы жазады екен балаңыз, апай!

Хизирова Маржанкул,
Преподаватель

Рахмет, үнемі балаларға арналған журнал, кітаптар оқуға мұрындық болып отыратынымды да жасырмаймын.Жетелеу міндетіміз емес пе?!

Алдияров Кубейсин,
Пользователь

Жақсы жазылған.Болашағы жарқын болсын!