Функционалдық сауаттылықты дамыту – уақыт талабы
«Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста
сықылды, не істесе де келістіріп істейді.»
А. Байтұрсынұлы
Оқушыларды заман талабына сай оқытуда қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімінің ролі ерекше деуге болады. Өйткені, оқушының ой-өрісін дамыта отырып, оның сөйлеу шешендігін шыңдау,әу бастан-ақ, тіл маманының еншісінде екені бәрімізге де белгілі. Соған орай, кез келген оқушының бастауыш сыныптан алған білімін әрі қарай дамытуда нәтижелі жұмыс жасау, әрине, мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне байланысты болатыны да тәжірибелі мұғалімдерге айқын мәселе.
Бірақ, өкінішке орай, қазіргі күнде оқушының сан-салалы тақырыпта өзінің құнды пікірін қорғай отырып, өз ойын еркін жеткізу - жоқтың қасы. Бұл – тілші мұғалімдер үшін шешімі жоқ мәселеге айналғанына да біршама уақыт болды. Ал қара сөздің майын тамызып, сүбелі сөзден орамды ой тудыратын әрбір тілшінің алдына қоятын міндеті – оқушының жас ерекшелігіне сай алынған мәтінді қысқаша айтуы, оны қабылдау қабілеттілігі және мәтіннен алған ақпаратты басқаларға жеткізе білуі, өзіндік құнды пікірін айқындап, мәтіннің ресми құрылымы жағынан түсінуін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, өз өмірінде молынан пайдалануға икемдеп, бағыт-бағдар беріп, өмірге бейімдеу болып табылады.
Шындығына келсек, қазіргі функционалды сауаттылықты жүзеге асыру жолындағы талаптармен танысу барысында «Біз сонда қандай білім беріп жатырмыз?», «Бала өскенде неге өз ортасына бейім емес?» деген сұрақтар сонау кеңес уақытындағы бағдарламаны игеріп, әрбір сабағымызды түрлендіріп өтетін көптеген мұғалімер арасында үлкен дау-дамай туғызып, әртүрлі көзқарастар орын алды. Өз еңбегінің нәтижесін саналы, білімді ұрпақтан күту – әрбір мұғалімнің басты міндеті.
Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анық көрсетілген. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.
ЮНЕСКО-ның анықтамасына сүйенсек, аталмыш сауаттылық 1960 жылдары қалыптасқан. Қазіргі білім беру тәжірибесінде осы «функционалдық сауаттылық» термині жиі қолданылады. Бұл терминнің анықтамасы адамның сыртқы қоршаған ортамен қарым-қатынас орната алуы және ол ортаға жылдам бейімделуі болып саналады.
Өзімнің тәжірибеме сүйенсем, бастауыш сыныбынан 5-сыныпқа келген оқушылардан, ең алдымен, сөйлеу мәнеріне көңіл бөлемін.Сөйлеу барысындағы дикциясын (хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты сөйлемдердің)айтылу ырғағымен айтуға дағдыландырамын. Өйткені сөйлей білу де өнер. Оны дамытуда қысқа әңгіме, аңыз, ертегілерді бөліп беріп, бірнеше баланы іштей оқытып, қысқа мазмұнын айтқызып үйретемін. Сондай-ақ сөздердің мән-мағынасын ашуда әртүлі сөздіктерді пайдаландырамын.
Мақал-мәтелдердің, тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын ашуда үлестірмелі тапсырмаларды көп қолданамын. Тұтығып сөйлейтін оқушылардың кемшіліглігін түзетуде күніне 1-2 жеңіл жаңылтпашты жаттап айтуын талап етемін.Өлеңге деген сүйіспеншілігін арттыруда өздерінің сүйіп оқитын ақындарының өлеңдерінен 1-2-3-шумақты мәнерлеп жатқа айтуын сұраймын.
Еркін жазуға баулуда арнайы тақырыптар әзірлеп, шағын ойтолғаулар жаздырып, оқытамын. Жазу барысында ойды қайталамауын, сөзді қайталамауын,әдеби тілде әсерлі етіп жазуын, оқығанда образға еніп, жүрекке жеткізуін талап етемін. Сондай-ақ, ой-пікірін қысқа әрі дәл жеткізуін, көп сөйлемеуін қадағалаймын.
Бағдарлама бойынша жаттауға берілген өлеңдерді барлық оқушыдан сұрауға мүмкіндік жасаймын. Лексика саласын өткенде көп қиындықтарға тап боламын. Көп мағыналы сөздер мен омонимдерді ажыратуда, ауыспалы мағыналы сөзерді тез ұғуы үшін диалог түрін қолданамын. Яғни диалогта аталмыш сөздерді көбірек пайдаландырамын. Өз ойларын жинақтап,терең жеткізу үшін бір сөйлемнің негізіндегі сөздерді тақтаға шашыратып, солардан сөйлем құрауын сұраймын. Мағынасы бар бір сөзден көптеген сөзер тапқызып үйретудің де бала лексикасын байытуда ролі зор. Соымен қатар интерактивті тақта мен интернетке сеніп алмай, сабақтың түсінікті, тартымды өтуі үшін түрлі көрнекілік құралды оқушылардың көмегімен қолмен жасап көрсеткенде абзал дер едім.
Функционалдық сауаттылықты дамытуда жаңа технологияны игерудің де маңызы бар. Ол үшін әр сабақтың өтілу мазмұнына қарай таңдау қажет. Жалпы, күнделікті сабақта айтайын деген ойын мысалдармен дәлелдеу, проблемалық мәселелерге жауап беру, шағын шығармашылық жұмыстарды орындату, баяндама жасау, ғылыми зерттеулер жүргізіп, қорғау, дебаттар өткізіп, оқушының бір-бірін сынату, топтық жұмыста нақты және жалпылама тапсырмалар беру секілді әдіс-тәсілдерді жүйелі түрде пайдаланған мұғалімнің оқушысы да өзіндік ой қалыптастыратын тұлға болуымен қатар өмірдің барлық сұраныстарына өз бетімен жауап беруге да,ғдыланады дер едім.
Мақаланың басында мұғалімдер арасында сабақ берудегі қандай әлсіздігіміз бен жіберген қателеріміздің арқасында осындай келеңсіздіктерге тап болғаны жайлы тартыс, көзқарастардың туындағанына көз жіберген болатынмын. Өз сабақтарына жауапкершілікпен қарайтын мұғалімдер қауымы төмендегідей тоқтамға келіп отыр. Бұл зерттеу нәтижесіндегі соңғы кездердегі білімалудың кедергілері болып есептеледі
Рейтингомания.Біздің және басқа да елдердің кез келген экономикалық немесе әлеуметтік саласында рейтингілеу індеті тарап кеткен. Мысалы, мектеп басшылары мектебінің рейтингін ойлап, мұғалімдеріне түрлі керек-керек емес іс-қағаздарын толтыртқызады, әр түрлі шараларды жасатқызады. Оның барлығы уақыт талап етеді, уақытын осындай шараларға бос кетірген педагог сабаққа дайындалуға мүмкіндігі болмайды. Нәтижесінде, білім беру сапасы төмендеп кетеді. Осы бағытта жұмыс істеп дағдыланған маманның өзінің мамандығына деген басқаша көзқарасы қалыптасады да, педагог тұтыну обьектісіне айналады.
Фактілік білім.Бұл шектеулі білім. Тек фактілерді білу оқушының функционалдық сауатын дамытпайды, керісінше, бұрынғысынан қарағанда төмендетіп жібереді. Ол фактілік білімді оқушы өмірде қолдана алмайды. Сондай-ақ соңғы кездері оқушылардың сыни тұрғысынан ойлауы былай тұрсын, логикалық ойлауы төмендеген. Себебі, мектептердің басты басымдықтары өзгерген, оқушыны өмірге емес, тестке дайындау болып өзгерген. Оған жоғарыда айтылған «рейтингомания» кінәлі.
Кітапо оқу - қазіргі жастардың басты проблемаларының бірі. Ресми деректер бойынша мектеп жасындағы балалардың 40 пайызы әдеби мәтінді түсінуге қиналатындығы дәлелденген. Бұлар мектептен білім алса да, қызмет жасауға келгенде қарапайым жазу үлгісін білмейтіндігін көрсеткен. Бұл тек ресми деректер ғана.
Мұғалім басты тұлға болып қалу үшін көп еңбектенуі керек, көп уақытты жоғалтпауы керек.
Жақсы