Сыйла әйелді...
Әйел сенің құлың емес, күңің де,
Әйел менің жазылмаған жырым де.
Әйел менің бақытымның бастауы
Таусылмайтын өмірімнің кені де.
Әйел сенің сым пернедей нәзігің,
Қорғамасаң, ол да сенің жазығың.
Сырсандықта сақтай білген сезімді
Күйсандықта тарту етер наз-үнің.
Сезсең егер, ақыл қосар бір данаң,
Әйелдерсіз болмаған ғой жырда мән.
Гүл, қызғалдақ терілмейді оларсыз,
Айтылмаған әйелдерсіз қырда ән.
Әйел деген елжіреген жүрегің,
Қайғы-шерді бөлісетін тірегің.
Егер әйел болмаса бұл өмірде -
Мүмкін емес сенің дағы керегің...
Әйел – анаң, аялаған аруың,
Бойыңдағы күш-қуатың, дәруің.
Ол бар жерде – жасамайсың үмітсіз,
Ол бар жерде – ортаяды қайғы-мұң.
Әйелдерсіз басталмайды қызығың,
Есітілмейді әйелдерсіз нәзік үн.
Ол бар жерде - табиғат та дәрменсіз
Қадай алсаң – көгереді қазығың...
Оның әрбір қылығында бір жұмбақ,
Жанарында тұрады ылғи бір тылсым.
Жүрегіне құлғыңды апарсаң,
Мойындашы,тарылады тынысың...
Сыйла әйелді, жоғары қой өзіңнен,
Бар күйіңді оқиды ол көзіңнен.
Бағындырып алмай сені ең алғаш
Тәңірі етіп көтермейді өзінен.
Сыйла әйелді, білсең, әйел- байлығың,
Ұғына біл, махаббатын, жай-күйін,
Құдіретті күші арқылы тасқыннан
Желкенсіз-ақ алып шығар қайығын!
Сыйла әйелді, ол балаңның анасы,
(Ауырмасын, сыздамасын жарасы)
Шипа болып келген жайлы жаныңа
Қиын болар жүрегінің наласы...
Сыйла әйелді, көтер оның беделін,
Үзе көрме тәтті өмірден күдерін.
Жеңісіне қуан оның, қолдаумен
Қуанышқа толтыр нәзік жүрегін!!!
М.Х.Хизирова
Рахмет.
Рахмет!!!