15 қазанда РФММ мұғалімдері мен оқушылары Республикалық физика-математика мектебінің туған күнін атап өтті. Биыл оқ ордасының құрылғанына 44 жыл толды.
Салтанатты шарада «РФММ» КеАҚ Басқарма Төрағасы, мектебіміздің 1982 жылғы түлегі – Ербол Сейітұлы Баеков құттықтау сөз жолдады.
Ербол Сейітұлы кеш қонақтарын, мұғалімдер мен оқушыларды атаулы күнмен құттықтады және РФММ-нің еліміздің үздік мектебі атануына өлшеусіз үлес қосқан ардагер ұстаздарға ерекше алғысын білдірді. Сонымен бірге білім беру ісінің биігінен табылатын мектебіміздің игі дәстүрін лайықты түрде жалғастырып келе жатқан қазіргі педагогикалық ұжымның жетістіктерін атап өтті.
«Физмат оқушылары мен түлектері бір қадам алда жүрулері, ғылыми-техникалық жетістіктермен қатар адымдаулары керек.Әрбір физмат шәкірті ғаламдық деңгейде ойлануы тиіс. Сіздердің алдарыңызда жаңа биік мақсат – ғылыми жетістіктер саласында Нобель сыйлығының иегерлері атану міндеті тұр. Және мен жақын уақытта осындай құрметті сыйлықтың тұңғыш иегерлері физмат түлектерінің арасынан шығады деп үміттенемін», - деді Е.Баеков.
Мектептің туған күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығының құрметіне арнайы журнал шығарылып, оған РФММ-нің соңғы 2 жылдағы жетістіктері кірді.
Салтанатты кеште қазір туған оқу ордасында еңбек етіп жүрген физмат түлектері естеліктерімен бөлісіп, жас ұрпаққа ақыл-кеңестерін айтып, ақ тілектерін арнады.
Мектеп оқушыларының күшімен дайындалған концерттік бағдарлама жан-жақты әрі қызықты мазмұнда өтті. Балалар қазақ және ағылшын тілдерінде ән айтты, ал олар домбыра, гитара және пианинода орындаған музыкалық шығармалар көпшіліктің көңілінен шығып, қошеметке ие болды.
Мектептің туған күніне орай ұйымдастырылған спорттық жарыстардың, қабырға газеттері мен мектеп гимнін орындау бойынша сайыстардың жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ал оқушылардың мерейтойға арнайы пісірген торттарының бәрі дәмді және айшықты болып шығыпты. Сондықтан мектеп басшылығы жас кондитерлерді бөліп-жармай, тегіс алғыс хатпен марапаттады.
Мерекелік кештің соңында РФММ мұғалімдері мен оқушылары мектеп гимнін қосыла шырқады.
Туған күнің құтты болсын, біздің үздік мектебіміз!