Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Тілдердің үш тұғырлығы» идеясында «қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі – жаhандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деп көрсеткен болатын. Осыған орай, тіл – тек қатынас құралы емес, тілін үйреніп жүрген елдің рухани байлығын да меңгеруде үлкен рөл атқаратындығы анық. Жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік туғызу - бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік болғандықтан, Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында үш тілде оқыту жүйесі қолға алынған. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тіл – қазақ тілін - үйренуіне айрықша көңіл бөлінуде. Қазақ тілін қарапайым деңгейде біліп келген оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамытуға арналған «Қазақ тілінің практикалық курс» бағдарламасы бойынша тіл үйрену сабақтары ұйымдастырылады.
Жыл сайын мектебімізге қаншама өзге ұлт өкілдері келіп, қазақ тілін меңгеріп, еркін сөйлеуге жаттығады. Өздерінің қазақ тілін еркін меңгеруге деген ынта, ықыласын шығармашылық жұмыстарымен қатар, түрлі байқау, пәндік олимпиадаға қатысулары арқылы шыңдайды. Бұған дәлел ретінде мектеп түлектері Переверзев Петр, Бугаев Вячеслав, Пенева Анастасия сынды тіл үйренуге құштар, еліміздің сан түрлі білім ошақтарында оқып жүрген студенттерімізді атап өтсек, бүгінгі күні мектеп қабырғасында білім алып жүрген оқушыларымыз Шахин Тунахан, Гребенкин Алексей, Чепуштанов Никита, Караев Иса, Скоробогатова Ксения, Лигай Александра, Мунтян Даниил, Тян Эрик, Колесник Софияларды мақтанышпен айта аламыз.
Сондай шәкірттеріміздің бірі 6-сынып оқушысы Большаков Владимир жақында Қазақстан халқы Ассамлеясының бастамасымен Астана қаласында ұйымдастырылған Республикалық «Мың бала» жобасы бойынша өткен «Асыл сөз» байқауында жеңімпаз атанды.
«Асыл сөз» байқауының жеңімпазы Воваға ұстаздар атынан айтарымыз, сөз әлемінің құпия сырына қанығып, қанаты талмай, қазақ елінің мәдениеті мен тарихын толыққанды меңгерген, ойы ұшқыр, еңсесі биік, парасатты азамат атануына тілектеспіз.
Міне, осындай қазақ тілін еркін меңгеріп, өз ойын қиыннан қиыстырып жеткізе алатын, білгір оқушы тәрбиелеуде ұстаз еңбегінің алар орны ерекше екендігі даусыз.
Құттықтаймыз!
Шығармашылық табыс тәлеймін.
Рахмет