2017 ж. 13 қаңтарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Студенттер Сарайында математика, физика және информатика пәндері бойынша ХІІІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасының салтанатты ашылуы өтті. Ашылу салтанатында 15 елден келген командалар мен халықаралық дәрежедегі әділқазы алқасының мүшелері таныстырылды. Әділқазы алқасының төрағасы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов және әділқазы алқасының тең төрағасы, академик А.Жұмаділдаев мырзалар құттықтау сөз сөйлеп, ақ жол тіледі.
Биыл дәстүрлі олимпиадаға Ресей, Грузия, Белоруссия, Болгария, Сербия, Чехия, Румыния, Моңғолия, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан секілді әлемнің 15 елінен 400-ден астам оқушы қатысуда. Қазақстанның намысын биыл 20 команда қорғайды. Олардың ішінде РФММ олимпиада командасы да бар. Халықаралық Жәутіков олимпиадасы әлемнің үздік мамандандырылған мектептерінің үш бірдей пәннен сынға түсуімен ерекшеленеді.
Олимпиада қорытындысы бойынша оқушылар арасында жеке рейтинг жасалады және арнайы мектептерден құралған командалардың үздіктері анықталады. Олимпиаданың мақсаты оқушылар арасында физика-математика ғылымдарын насихаттау, халықаралық әріптестікті нығайту, әлемдегі үздік мамандандырылған мектептер арасында достық қарым-қатынас орнату, олимпиада ұйымдастыру мен өткізу жағынан тәжірибе алмасу және Қазақстанның білім және мәдениет бойынша әлеуетін паш ету болып табылады.
Ақпарат
Олимпиада сәтті өтсін!