kz ru en

Авторизация


Оқушылар арасындағы математика, физика және информатика бойынша ХIIІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасының қорытындысы

2017 жылдың 17 қаңтарында Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер Сарайында математика, физика және информатика пәндерінен ХIIІ Халықаралық  Жәутіков олимпиадасының жабылу салтанаты өтті. Дәстүрлі білім додасына биыл әлемнің 15 елінен 401 оқушыдан тұратын 62 команда қатысты. Ал Қазақстаннан 144 оқушы сайысқа түсті. Биыл Халықаралық Жәутіков олимпиадасына тұңғыш рет еліміздің облыстарынан құрама командалардың қатысқанын да айта кету керек. Халықаралық әділқазылар құрамында  Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Грузия, Өзбекстан тәрізді 5 елдің ғалымдары жұмыс істеді.

 

Сарапшылардың айтуынша, олимпиада сұрақтары былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда күрделірек болды. Сондықтан зияткерлік сайысында бабы мен бағы қатар жанған дарынды балалар ғана жеңімпаз атанды. Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстандағы, жақын және алыс шетелдегі 7 мамандандырылған мектептің құрамасы үздік командалар атанды.

Ресей астанасы Мәскеуден келген №1329 мектеп қатарынан екінші рет ең үздік команда ретінде Гран-приге ие болды.        

Командалық 1 орынды Сербия астанасы Белградтан келген мектептің оқушылары жеңіп алды.  2 орынды Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан келген № 239 физика-математика лицейі мен Челябинск қаласындағы №31 лицейдің командасы бөлісті.        

3 орынға Тбилисиден келген Владимир Комаров атындағы №199 физика-математика мектебі (Грузия), РФММ командасы (Қазақстан) және Мәскеу Мемлекеттік Университетінің мамандандырылған оқу-ғылыми орталығының командасы (Ресей) лайық деп танылды.      

Үздік команданың әр мүшесіне мобильді телефон, планшет, фотоаппарат секілді  бағалы сыйлықтар тапсырылды. Гран-приді жеңіп алған команда мүшелеріне ноутбук табыс етілді.      

Жалпы биыл 198 медаль сарапқа салынды. Жекелей біріншілік бойынша 40 алтын, 61 күміс және 97 қола медаль үлестірілді. Олимпиада нәтижесінде Қазақстан командалары 7 алтын, 18 күміс, 31 қола, жалпы саны 56 медаль жеңіп алды.      

Оның ішінде 17 медальді (1 алтын, 5 күміс, 11 қола) Қазақстан қоржынына РФММ командасы салды.  РФММ командасының мүшесі, РФММ 10 сынып оқушысы Аружан Аманбаева математикадан алтын медаль жеңіп алды.      Халықаралық әділқазылар алқасының тең төрағасы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев олимпиадаға қатысушыларды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде құттықтады. Академик Асқар Жұмаділдаев қазақстандық оқушылардың биылғы дайындық деңгейлерінің жоғары болғанын атап өтті.        

Олимпиаданың жоғары деңгейде өткенін олимпиада жүлдегерлері мен жеңімпаздарының бәріне әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті мен Қазақ-Британ техникалық университетінің білім гранттары берілгені қуаттай түседі. Сонымен бірге Ақпараттық технологиялардың халықаралық университеті де арнайы оқу гранттарын табыс етті.      РФММ КеАҚ биылғы олимпиадада Н.Қаппаров атындағы арнайы сыйлық тағайындады. Ал Бостандық ауданы әкімі «Математика есептерін ерекше жолмен шешкені үшін» аталымын тағайындап, марапаттады. Халықаралық Жәутіков олимпиадасын өткізуде Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі, «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Алматы қаласының әкімдігі үлкен қолдау көрсетті.

0
1

Комментарии (0)