1 сәуірде «РФММ» қабырғасында Наурыз мейрамының құрметіне мерекелік шаралар өтті. Күн мен түн теңелетін, қыс бойғы қардың көбесі сөгіліп, тіршілікке жан бітетін, халықтың аузы аққа тиіп арқа-жарқа болатын мезгілді түркі халықтары Жаңа жылдың басы санаған.
Мерекелік шараны ашу кезінде «РФММ» КеАҚ Басқарма төрағасы Ербол Сейітұлы Баеков мектеп ұжымын және оқушыларды Наурыз мерекесімен құттықтады. Және Жаңа жылда елдегі үздік мектепке жүктелген ерекше миссия – еліміздің болашақ элитасын тәрбиелеу ісінде сәттілік тіледі.
Мерекелік шара аясында мектебіміз бен ұстаздарының артқан сенімін ақтап, биіктен көріне білген, жақында өткен жаратылыстану және гуманитарлық пәндер бойынша Республикалық олимпиада кезеңінде топ жарған, жүлде алған оқушыларымыз марапатталды. Мектеп ауласында алтыбақан құрылып, ақ дастарқан жайылды. Салтанатты шараға ата-аналар да белсене қатысып, жас ұрпаққа қонақжайлылықтың қандай болатынын көрсетіп, салт-дәстүрді дәріптеу үлгісін паш етті. Ұлттық киім киген оқушылардың жүзінен халқымыздың әдет-ғұрпына деген құрметті, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықтары байқалып тұрды. Әр сынып оқушылары қонақтарға өздері дайындаған наурыз көже мен дәмге шақырды. «РФММ» өнерпаздарының ұйымдастыруымен өткен концерт жиналғандардың көңілінен шықты.
Оқушылар мен ұстаздар арасында садақ ату, армрестлинг, кір тасын көтеру, арқан тарту сияқты спорт түрлерінен өткен сайыстар ерекше тартысты өтті. Әсіресе түркі әлемінде ұлттық спорт түріне айналған садақ тарту сайысына қатысуға тілек білдірушілердің қарасы көп болды. Жиналғандар білікті мамандардан садақ атудың қыр-сыры мен садақ тартудың «түркілік», «моңғол» секілді әдістері туралы қызықты деректерді естіп білді.
«РФММ» КеАҚ Қазақстан халқын көктемгі жаңару мен жаңғыру, молшылық пен бауырмашылдық мерекесімен шын жүректен құттықтайды. Жер жүзі жаңарып, көңілдеріміз ағаратын Наурыз мейрамындағы ақ тілектеріміз бен армандарымыз орындалсын! Өйткені халқымызда аспаннан нұр жауатын Ұлыстың Ұлы күнгі ақ тілектер қабыл болады деген жақсы ырым бар.
Тамаша