Қазақтың ұлттық ойындарын дене тәрбиесі сабағында қолданудың жаңа әдістері
Қазақтың ұлттық ойындарын дене тәрбиесі сабағында жоспарға енгізу арқылы өткізу жас буынды тәрбиелеуде теңдесі жоқ құрал. Әр сабақ сайын ұлттық ойынның үш-төрт түрін алып, солардың ойнау тәсілін үйретіп отырса, жетілдіре, қайталау арқылы пысықтап отырса, әрбір бала жадында сақтайды да, оны ойнай біледі.
Ұлттық ойындарды мектептегі дене тәрбиесі сабағында қолданудың заманға сай әдістерін ойлап табу әрине қиын. Қазіргі компьютер заманында оқушыларды қызықтырып асық, бес тас ойнаңдар деп айту өте қиын іс. Әрбір баланың санасына ойынды сіңістіріп енгізу үшін біз қызықты да дұрыс әдістерді қолдануымыз керек. Ұлттық ойындар өзінің табиғатында, жаратылысында ұлттық өнегені бойына сіңіріп, бүкіл ұлтқа тән қасиеттерді өз бойына дарытып, толығып, жетілу арқылы, өзінің жан жақты тәрбиелік қасиетін шыңдай түседі. Ұлт ойындары өте күрделі дүние, ол адам баласының табиғи әрекеті. Сабақтың барысында сол табиғилығын сақтай отырып, оның элементтерін ретті пайдалану сабақтың әр кезеңінде оқушылардың көңіл-күйіне психологиялық жағынан барлау жасай отырып, білгірлікке әрекет жасауды талап етеді.
Бала ойын арқылы ойлап, ойын арқылы қиялдайды. Көңіл аударарлық ойынның бір түрі – асық ойыны. Бұл ойынды тек асығы бар балалар ғана ойнайды. Асық ойнаушылардың саны 4-8 балаға дейін жетеді. Бұл ойынның түпкі мақсаты – асық ұтып алу.
Асық ойынының түрлері өте көп.Олар –алшы, омпы, хан, құмар, көтеріспек.
«Алшы» ойыны.
Асық ойыны өте қарапайым болып көрінгенмен, мұнда адам денесін шыңдап, сомдайтын қасиеттер, баланың «бұзылып» кетпеуі үшін, оны өзара әркетке жетелейтін қимыл қаншама. Ең бастысы, ол баланы жастайынан салауатты өмір салтына жетелейді. Адамның ойлау жүйелерінің жетілуінен бастап, бұлшықеттерінің жетілуіне, тынысалу мүшелерінің реттелуіне, өз дене мүшелерін меңгеруге, соның нәтижесінде қырағылық пен мергендікке буаулиды. Асық ойынын мектептегі дене тәрбиесі сабағында үйретіп алып, сыныптар арасында жарыс түрінде өткізуге болады. Асық ойыны білмейтін бала қазір ауыл түгіл, қалада да жоқ. Каникул кезінде аула ішінде асық ойынын балалар көп ойнайды, ішінара қыздар да кездеседі. Ұлттық ойындар арқылы біз баланы көпшілдікке, ұйымшылдыққа тәрбиелейміз, оларды жеке-дара тұлға ретінде қалыптастырамыз.
Қазақтың ұлттық ойындарының біразы ойлауды қажет ететін ойындарға жатады. Олар негізінен логикалық ойлау мен математикалық, философиялық ойлануды дамытуға негізделген. Мысалы, тоғыз құмалақ ойыны.
«Тоғыз құмалақ» ойынының тақтасы.
Тоғыз құмалақ ойынының стратегиялық және тактикалық әдістерін қазіргі заман талабына сай қолданылып отырған компьютер арқылы жүзеге асыру да жаңа әдістердің бірі ретінде қарастырылады. Оқушылар күнделікті жаттығу кезінде пайдаланған әдістерін компьютерге енгізіп, бағдарлама жасап, кейін оны тәжірибе жүзінде пайдаланып отырады.
Тоғыз құмалақ ойыны жас жеткіншектерге спорт әліппесін үйретумен қатар, олардың ой-өрісін, сана-сезімін, дамытуға оқу үлгерімін жақсартуға және саналы тәрбие өзіндік септігін тигізеді.
Бұл ойынды арнайы ағаштан жасалған төрт бұрышты тақтада ойнайды. тақтаның екі қатарға тоғыз-тоғыздан ойылған сопақша келген ұясы (кіші отау), әр қатар үшін бір-бірден жасалған екі қазан (үлкен отау) болады. Олар ақ және қара түске боялған. Әр оқушыға 81-ден, екі ойыншыға 162 құмалақтан беріледі. Олар әр ұяға 9-дан орналастырылады. Әр ұяның 1-ден 9-ға дейін реттік саны болады, олар солдан оңға қарай есептеледі.
Ойын ережесі: тоғыз құмалақтың партиясы ақ пен қараның кезектесіп отыратын жүрісінен тұрады. Ойынды бастаушы өзінің кез келген отауына бір құмалақты ғана қалдырып, өзгесін қолына алып, оларды сағат тіліне қарсы жақтан бастап, бояу түсіне қарамастан, бір-бірден ұяларға салады. Егер ең соңғы құмалақ түскен бәсекелестің ұзындығы тас саны (2, 4, 6, 8, 10, ...) жұп болса, онда ойыншы сол ұядағы құмалақты алып, өз қазанына аударады. Ойын барысында біреудің ұясында 2 құмалақ қалса, серіктесі ең соңғы тасын түсіріп үлгерсе, ол үшін тасты түгел алады, ұя ойын аяғына дейін «тұздыққа» айналады. Әр ойыншы өз қарсыласының жағында тек бір ғана «тұздыққа» ие болады. Қазанына 82 құмалақ жинаған ойыншы ұтады.
Қазақша күрес.
Қазақ халқының өте ертеден қалыптасқан спорт ойындарының бірі – қазақша күрес. Қазақша күрес көшпелі халықтың тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Қазақша күрестің басқа халықтардың ұлттық куресімен салыстырғанда өзіндік ерекшелігі бар. Қазақша күрестің аталары болып табылатын – Қажымұқан, Балуан Шолақ секілді алыптардың жолын жалғайтын талай-талай саңлақтарымыз өсіп келеді. Тек соларға дұрыс жөн сілтей білуіміз керек. Ұлттық өнердің шынайы қамқоршылары болса онда ол міндетті түрде өмірден өз орнын табар еді. Әлемдік аренаға шықпайтын спорт түрінің бәрін іске жарамайды деп, ешкім біле бермейді деп жылы жауып қоюға болмайды. Қазақша күреске мектептегі дене тәрбиесі сабағында көп көңіл бөлу керек. Ұлттық спорт түріне кішкентайынан баулыған жөн. Өзіндік аса бір ерекшелігі бар, қашанда көпшіліктің көңілінен шығатын ұлттық өнердің бірі-қазақша күресте халықтың бойындағы қасиетін көрсететін үлгісі бар десек, онда неге осының белгілі бір жүйеге келтірілген киімін жасамаймыз. Үстіне киетін киманоға ұлттық оюларымызды, аяқтарына мәсіні пайдалануға әбден болады. Қазақша күрестің кейбір ерекшеліктерін айта кетсек, балуанның аяқтары ғана еркімен қозғалып жұмыс істейді. Аяқтарына қандай айла-тәсіл қолданса да еркі өзінде. Тебуге болмайды, жеңіске жету үшін астыңғы балуанның жауырыны жерге тигізіптұрғанда, үстінен аттап кету міндеттелген. Қазақша күресте қолданатын айла-тәсілдердің негізгі түрлері:
- иықтан асыра лақтыру әдісі. Лақтырған палуан құламай орнында қалады;
- әдіс қолданған палуан өзі құлап барып қарсыласын астына түсіру;
- қарсыласын жамбасқа салып жығу;
- іштен шалып жығу;
-сырттан шалып жығу;
Күресте қолдануға болмайтын айла-тәсілдер қолды белбеуден босатып жіберуге болмайды, қарсыласын ұрып не болмаса итеруге, тамақтан, саусақтан, құлақтан ұстауға болмайды. Белбеуден басқа киімнен ұстауға, уақыт белгіленбейді. Белдесу барысында тең түсу, ия болмаса ұпай санымен ұту деген болмаған. Белдесудің уақыты шектелмегендіктен міндетті түрде қарсыластың біреуі жеңіске жетеді.
Қазақтың ұлттық ойындарының кез-келгенін қазіргі заманға сай етіп, жаңаша үйретуге болады. Қазақтың ұлттық ойындарын балаға жеткізудің бірі – сабақта қолданылатын көрнекі құралдар. Әдемі көркемделген, ұлттық нақышта өрнектелген, ұлттық ою-өрнегімізді пайдаланып салынған плакаттар болса балаға тез жетеді деп ойлаймын. Көзге түсетін жерлерге ойын ережелерін іліп қойса ол да пайдасын тигізері сөзсіз. Ұлттық ойындарды бейнелеген кітапшалар көптеп шығарылса нұр үстіне нұр болары еді. Бізде насихаттау жағы нашар болып жатады, соны жабыла қолға алсақ. Қазақтың ұлттық ойындары пайдаланылған ашық сабақтарды бейнетаспа арқылы көрсетсек, балалар қызыға қарап танысар еді. Әрбір мектеп өздерінің сабақ жоспарларына ұлттық ойынды кіргізіп, 3-4 ойын түрін әр сабақта үйреніп отырса біздің балаларға жасаған азғантай пайдамыз сол болар еді.
Аударыспақ ойыны басқаша болып та ойнала береді. Бөрене /бревно/ үстінде ішіне тығыздалып мақта салынған қаппен оқушылар бір-бірін жерге түсіру керек. Бұл ойынды командамен де, жеке де ойнауға болады. Мектепте жарыс түрінде өткізуге болатын қазақтың ұлттық ойын түрлері-қазақша күрес, тоғыз құмалақ, дойбы, асық ойыны, оның да әр түрлері, арқан тарту, бестас, аударыспақ, гир көтеру тағы да сол сияқты көптеген ойын түрлерін табуға болады. Ұлттық ойындарды оқу-тәрбие жұмыстарына пайдалану педагогикалық жүйенің жалпы заңдылықтарына бағынады. Ұлттық ойындарды мектептегі оқу-тәрбие жұмысында пайдалану – мұғалімнен шеберлікті, сабырлылықты, білімділікті, нәтижесін көруге деген құштарлықты қажет етеді.
Менің шығармашылықпен айналысып жүрген тақырыбым«Қазақтың ұлттық ойындарын дене тәрбиесі сабағында қолдану».
Осы тақырыппен айналысып жүргенде білгенім, біздің қазақтың ұлттық ойыны деп есептелетін көптеген ойындары бар екен. Соның көпшілігін дене тәрбиесі сабағында қолданып, әр сабақ сайын 2-3-еуін үйретсек, оқушылар өзіміздің ұлттық ойындарды білетін болмай ма?
Әсіресе, дене тәрбиесі сабағынан босатылған оқушылар отырып осы тоғызқұмалақ ойынын ойнайды. Үйірмелер көптеп жасауда. Бұл ойынның бір қасиеті оқушыларды төзімділікке, шыдамдылыққа,ойлау қабілетінің артуына үйретеді.
Қазақтыңұлттық ойындарын көптеген спорттың түріне байланыстырып қолдануға болады.
Мысалы, бізде мектеп бағдарламасында жеңіл атлетика, спорттық ойындар,гимнастика түрлері ғана ғой.
Соның бәріне қатысты жүгіруге, секіруге, дәлдікке, ұйымшылдыққа арнап ойындар табуға болады. Бастауыш сыныптарда көптеген ойындар күнделікті сабақта қолданылып жүр. Мысалы, «қуып жет», «Айгөлек», «қуаласпақ», «бірізді эстафета» деген ойындар жүгіруге қабілетін арттырады. Күштілікті арттыратын ойын түрлері арқан тарту, батпан көтеру сияқты ойындарды күнделікті сабақ барысында қолдануға болатын ойындар.
Жаңа техникалар, интернет, интерактивті тақтаны пайдаланып та көптеген ойындарға баланы қызықтыруға болады.
Қазақтың ұлттық ойындарын көптеп насихаттау керек деп ойлаймын.
Мысалы, компьютерде шахмат, дойбы ойнап отыратын адамдар көп кездеседі ғой, сол сияқты қазақтың ұлттық ойындарын да, мысалы тоғызқұмалақты да дәл солай ойнап отыруға болады ғой.
Қазір мемлекетіміз қазақ тілін насихаттап заңдар шығарып қойды, қазақ тілін қолға алды десе болады. Сол сияқты ұлттық ойындарға да бетбұрыс жасау керек деп ойлаймын. Қазір көп дамығаны – қазақшакүрес,жарыстар өтеді, спорт мектебі бар. Мереке күндерінде ат шабыс, қыз қуу болып тұрады. Көкпардан республика біріншілігі өтуде, ол да көп дамыған түрі. Бары-жоғы 3-4 облыс қана бар. Ал, біздің облыста ат спорты, спорт мектебі, көкпар ойнаушылар мүлдем жоқ, облыста жүзу, шаңғы, коньки деген атыменжоқ.
Бұл ойындар адамның ой-өрісінің,өмірге көзқарасының дамуына,сана-сезімнің өсуіне мол мүмкіндіктер туғызуымен қатар адамның дене дамуына және рухын көтеруіне көмектеседі.Ұлттық ойындарда адамгершіліктің,мінез-құлықтың нормасына бағыт беру – басты міндет.Ойынға қатысушылардың ойын ережесін қалай түсінетіне байланысты, олар ойынның адамгершілік нормасының қоғамға, ал керісінше қоғамның ойынға бағытталуында.Бұл ойындардың құндылығы – ойын кезінде адамгершілік мінез-құлық, өзара сыйласу, татулық, ұжымда бір-бірімен тіл табысу сияқты мінездер қалыптасады. Қазақтың ұлттық ойындарында белгілі дәрежеде ойнаушылардың бір-бірімен адамгершілік қарым-қатынаста болуында.Ойын кезінде жеке бастың ар-намысына тимеу қатаң сақталады.Ойын аяқталғанда бір-бірін балағаттау ия болмаса жығылып жатқан қарсыласының үстінен аттау – өрескел әдіс болып табылады. Ұлттық әдет-ғұрып,салт-дәстүр қатаң сақталатын ойын түрлерінде алдын ала дайындалған өлеңдерін,сөздерін айтуға рұқсат етіледі.Сондай ойын түрлеріне «алтыбақан», «тоғыз аяқ», «мүше алып қашу», «қыз-қашар» жатады.Ойын кездерінде әсіресе ән,күй ерекше орын алады.Сазды ойындарда ойынға қатысушылардың шығармашылық мүмкіндігі қалыптасады.Ондай ойын түрлеріне «айгөлек», «алтыбақан», «қыз бен жігіт» жатады.Ұлттық ойындар дене тәрбиесі сабақтарын дамытудағы негізгі құралы болып табылады.Бұл ойындарда көптеген тәсілдер жүйесі,үйрету мен тәрбиелеу әдістері жинақталған.Олар ұрпақтан-ұрпаққа таралып,әдет-ғұрып,салт-сана білімдерінің жиынтығы ретінде халық өмірін жан-жақтытүрлендіруде.Арнайы спорт жабдықтары мен құрал-саймандарды көп қажет етпейтін қазақтың ұлттық ойындарының дене тәрбиесі сабағын жоғары әдістемелік деңгейде сапалы өткізудегі пайдасы мол.
Қазақтың ұлттық ойын түрлері
1. Аламан бәйге
2. Бәйге
3. Жорға жарыс
4. Жамбы ату
5. Күміс алу
6. Көкпар
7. Қыз қуу
8. Аударыспақ
9. Түйе жарыс
10. Қазақша күрес
11. Арқан тарту
12. Тоғызқұмалақ
13. Ақсүйек
14. Бес тас
15. Асық ойыны
16. Көрші-көрші
17. Айгөлек
18. Орамал тастау
19. Ұшты-ұшты
20. Алтыбақан
21. Сақина салу
22. Соқыр теке
23. Жасырынбақ
24. Ордағы қасқыр
25. Аңшылар
Түсініктеме:
Бұл ұсыныста қазақтың ұлттық ойын түрлерін дене тәрбиесі сабағында қолданудың түрлері көсетіледі. Негізінен кітапша жас мұғалімдерге тәжірибе алмасу ретінде ұсынылған.Осы ұсынысты пайдаланып сабақ өткізсе,олар оқушыларды ұлттық рухта тәрбиелей алады деп ойлаймын. Әрбір бала өзін қазақпын деп есептесе өзінің ұлтының дәстүрін,ойындарын жатқа біліп,соны пайдаланып өсуге тиіс. Сонда ғана біз оларды патриот ете аламыз.Осы кітапшаны оқып, танысып және қолданса мен жас мұғалімдерге алғысымды білдірер едім.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Б.Төтенаев. «Қазақтың ұлттық ойындары»
2. «Дене тәрбиесі және спорт» журналы
3. «Дене тәрбиесі» оқулығы - С.Тайжанов
4. «Валеология» журналы
5. «Мектептегі тәрбие жұмысы» журналы
6. «Дене шынықтыру – мектепте» журналы
Рақмет! Қазақ тілі сабағында да ұлттық ойындар ойнатамыз. Мысалы, бүгін 3-сынып балаларымен "Соқыр теке" ойынын өткіздім. Сабақ тақырыбы сол болды. Орыс тілді оқушыларға өте ұнады. Олар қызыға ойнады.