kz ru en

Авторизация


Жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы оқыту – қазіргі заман талабы

Жаңа ақпараттық технологияларды

пайдалану арқылы оқыту – қазіргі заман талабы

 

Уралбаева Қызғалдақ Ризабекқызы

«№61 Жалпы білім беретін орта мектебі» КММ

Химия пәні мұғалімі

 

         Қазіргі таңда бүкіл адамзат қоғамының  XXI ғасыр алғы шебіне, ғылыми – техникалық прогресс пен өркениетті даму кезеңіне бет бұрған уақыт деп есептейміз. Себебі көптеген жаңа ақпараттар ағымы, жаңалықтар бала санасына әсер етпеуі мүмкін емес. Осындай қоғамға лайықты жеке тұлғаны қалыптастыру үшін сапалы білім мен саналы тәрбие қажет.

        Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және азаматтық құндылықтар мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желіге шығу» - делінген.

        Осыған орай бүгінгі ұстаздардың алдында оқушыға білім, білік, дағдыларын игертіп қана қоймай, қабылдауын, ойлауын, қиялын, сезімдерін, яғни жан-жақты, азат, шығармашыл, өз бетімен жұмыс жасай білетін, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны дамыту міндеттері тұр.

       Біздің Отанымыз Қазақстан өркениетті дамыған ел қатарына қосылу үшін ұрпақ біліміне басты назар аудару, баланың ашылмаған қабілетін ашу, пәнге қызығушылығын, белсенділігін арттыру, өзіне деген сенімін күшейту, т.б қырларының жандануына ықпал жасау үшін ақпараттық технологияны қолдануымыз қажет.  Қазір білім саласындағы болып жатқан мемлекетаралық бақылау, ұлттық бірыңғай тест, 12 жылдық оқуға көшу барлығы Қазақстандық білім сапасын көтеруді және халықаралық деңгейге жеткізуді көздейді. Осы проблемалар мектептегі химия пәнінің оқытылуына да тікелей қатысты. Сондықтан әр мұғалім оқытудың қазіргі жаңа технологиясын, немесе жаңа әдіс – тәсілдерін сабаққа тиімді пайдаланса ғана, келешек ұрпақтың жүйелі білім алуына, дамуына жол ашылмақ.
         Ақпараттық-коммуникациялық технологияны дамыту білім берудің бір бөлігі. Соңғы жылдары заман ағымына сай күнделікті сабаққа компьютер, электрондық оқулық, интерактивті тақта қолдану жақсы нәтиже беруде. Білім беру жүйесі электрондық байланыс, ақпарат алмасу, интернет, электрондық пошта, телеконференция, On-line сабақтар арқылы іске асырылуда.

Бүгінгі күні инновациялық әдістер мен ақпараттық технологиялар қолдану арқылы оқушының ойлау қабілетін арттырып, ізденушілігін дамытып, қызығушылығын тудыру, белсенділігін арттыру ең негізгі мақсат болып айқындалады.

      «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп, Елбасы атап көрсеткендей жас ұрпаққа білім беру жолында интерактивті технологияны оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы зор. Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар әрбір оқушының білім беру үрдісіне шығармашылық қабілетін дамытуға айқын мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ оқушының танымдық іс-әрекеттері күшейіп, өзіндік жұмыстарды тез орындау мүмкіндіктері артады.

        Жаңа ақпараттық технологиялар дегеніміз – білім беру ісінде ақпараттарды даярлап, оны білім алушыға беру процесі. Бұл процесті іске асырудың негізгі құралы компьютер болып табылады.

        Осы ақпараттық технологиялардың нәтижесінде, ең алдымен оқушының өз бетімен жұмыс істеу әрекеті мен қазіргі заманға сай ақпараттық жүйелерді қолдану арқылы, интерактивті тақтамен жұмыс істеу біліктілігі және қызығушылық белсенділігі артады. Біз сабақты қанша сапалы, білімді, шеберлікпен өткізсек те, ал бала – оқушы тарапынан өзіндік белсенділік, әрекет болмаса жұмыстың нәтижелі, сапалы орындалуы мүмкін емес.
        Ақпараттық және педагогикалық технологиялар негізінде мұғалімнің рөлін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік туды. Мұғалім тек қана білімді алып жүруші ғана емес, сонымен қатар оқушының өзіндік шығармашылық жұмысының жетекшісі және бағыт берушісі болып анықталды. Осыған орай сабақ беру үрдісінде қазіргі күннің, яғни инновациялық әдістерді оқытудың интерактивті оқыту моделі болып табылады. Инновациялық әдістердің ең негізгісінің бірі - «интерактивті оқыту әдісі». Негізгі қағидасы-педагогикалық қарым-қатынас пен қарым-қатынас диалогы арқылы жеке тұлғаны қалыптастырып дамыту.

       Білім берудегі интерактивті технология (интерактив сөзі-inter (бірлесу) act (әрекет)) сабақ барысында оқушылардың сабаққа қатысуын ұйымдастыратын оқыту барысы. Интерактивті тақта мүмкіндігін пайдалана отырып, өткізген сабақтар мұғалімнің оқу процесінде уақытын үнемдей отырып, оқушыларға көптеген ақпараттарды беруге көмектеседі. Интерактивті тақтаның керемет мүмкіндіктері оқушыларды таңғалдырады, шабыттандырады, қызықтырады. Оқушылар ойнап отырмыз деп ойлайды, шындығында олар қызығып, таңғалып, шабыттанып отырып білім алады деп ойлаймыз. Қазіргі білім берудегі басты мақсат жас ұрпақтың білім деңгейін көтеру және жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру. Осы мақсатқа жету үшін өзімнің ұстаздық іс-тәжірибемде ақпараттық технологиялардың бірі – интерактивтік тақтаны кеңінен қолданамын. Мұнда оқушылармен қарым-қатынас, тәжірибені демонстрациялау, оқушының  ой – тұжырымын ауызша баяндау, т.б. әдіс-тәсілдер кіріктіріліп, біртұтас жүйе ретінде жүзеге асады. Сондықтан бұл тақтамен әр сабақты қызықты өткізуді ойластырып, жоспарлаймын.

         Мен сабақтарымды    өткізгенде,  мынандай негізгі факторларды басшылыққа  аламын:
-оқушылардың өз бетінше жұмыс істеу тиімділігін арттыру;

-жекелей, жұппен, топпен жұмыс жүргізу;

-ойлау қабілетін дамытатын есептер беру;

-қабілетіне қарай деңгейлік тапсырмалар беру;

-оқушылардың теориялық-практикалық сауаттылығын арттыру.

Бұл технологияның  тиімділігінің арқасында, оқушының әсерлену жүйесі қалыптасады. Біздің көзқарасымыз бойынша оқытуда интерактивті құралдарды пайдалану, оларға сәйкес дидактикалық нұсқауларды жасау, дәстүрлі оқытуды түбегейлі өзгертіп, оны жаңа сапалы сатыға көтереді.    

        Сабақ барысында оқушыларды біліммен қаруландырып қоймай оларды қисынды ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту үшін интерактивті тақтаның мүмкіндіктерін пайдалана отырып “Дебат ойыны”, “Бреин-ринг“, “Білгенге маржан”, ‘Кедергіден өту”, «Химиялық эстафета», «Білгірлер мен тапқырлар», «Миға шабуыл», «Кім жылдам», «Біліміңді сынап көр», «Формулалар сайысы», «Бейне сұрақ», «Химик сараман», «Жарқыраған шың» ойындарында  сәйкестендіру кестесін интерактивті тақтада толтыртып, сабақты бекітемін.
       Сонымен инновациялық әдістер және ақпараттық  технологияларды пайдалану баланың жеке тұлғасын   дамытып, тұлғаның білім, біліктілік дағдысын қалыптастырады.

       Қазақстанның  тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы орта білім беру жүйесінің дамуымен тығыз байланысты. Қай халықтың, қай ұлттың болсын толығып өсуіне, рухани әрі мәдени дамуына басты ықпал жасайтын тірегі де, түп қазығы да – мектеп. Ендеше қазақ мектептерінің білім деңгейін арттыру және онда ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы оқу- тәрбие үрдісін тиісті деңгейге көтеру үшін мектеп ұстаздарының, басшыларының, педагогикалық ұжымның жүйелі басшылыққа алатын бағыты болуы тиіс. Осы айтылған ой – пікірлерді тұжырымдай келе, білім беруді  ақпараттандыру мектеп пәндерінің оқыту сапасын арттырады және ақпараттандыру жүйелі түрде іске асады деуге болады.

 Өйткені, “Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет” деп,  Ел басы атап көрсеткендей, жас ұрпаққа білім беру жолында ақпараттық технологияны оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы өте зор.

 

            ӘДЕБИЕТТЕР

1.Білім заңы. Алматы, 2010 ж.

2.С.Т.Мұхаметжанова, Ж.Ә.Жартынова, Интерактивті жабдықтармен жұмыс жасаудың          әдіс-тәсілдері. Алматы, 2008ж.

3. С.Иманбаева, Оқу-тәрбие үрдісін ақпараттандыру ділгірлігі. Қазақстан мектебі, №2, 2000

4.Сабыров Т.С. Оқыту технологиясының негіздері Алматы Республикалық баспа кабинеті 1993,14бет

5.  «Химия мектепте» журналы , 2012 ж. №4

 

 

 

4
7

Комментарии (4)

Темирова Айнаш,
Преподаватель

Жақсы  ақпарат.

Кыдырбаева Гульмира,
Преподаватель

Рахмет, керек дүние.

Кулжабаева Сымбат,
Преподаватель

Жақсы мақала

Ташетова Гулбаршын,
Преподаватель

Рахмет