kz ru en

Авторизация


Функционалдық сауаттылықты дамытудағы бағалау технологиясы

Жобаның мақсаты:  – 12 жылдық мектеп жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылық деңгейін бағалаудың тұжырымдамалық тәсілдерін анықтау

Міндеттер:                                                                                                              

оқу пәндерінің мазмұнына қатысты «функционалдық сауаттылық» ұғымын ашу;

оқушылардың дайындық деңгейін бағалау бойынша отандық және әлемдік тәжірибені зерделеу және сипаттау;

оқушылардың функционалдық сауаттылық деңгейін критериалды бағалаудың жүйесін әзірлеу;

Зерттеу объектісі:  12 жылдық мектеп.

Тақырыптың өзектілігі: Білім берудің қазіргі заманғы стратегиялық міндеттерімен, халықаралық жетістіктер аясында білім деңгейін көтеру қажеттіліктерімен, оқыту нәтижелерінің объективтілігін және мектеп түлектерінің елімізден сырт жерлерде де бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауға қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеу қажеттіліктерімен анықталады.

 Зерттеудің барысы:  Бағалауға қойылатын әртүрлі тәсілдердің пайда болуы оқытудың құзыреттілік, тұлғалық-бағдарлау, дамыту қатынастарына негізделген жалпы педагогикалық тұжырымдамасын белгілеуге ықпал ететіні сөзсіз. Осының барлығы бағалау жүйесін дамытудағы қазіргі үрдісті алдын ала анықтады және қажетті құзыреттіліктердің қалыптастырылған деңгейін бағалаудың кейбір өлшемдері оқушылардың жеке жетістіктерін салыстырумен негізделетін, критериалды бағалау технологиясының пайда болу қажеттілігінен туындады.

бағалау жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттілігі.

оқушыны оқу материалын қаншалықты табысты меңгергенін білу;

практикалық дағдыны қалыптастырғанын анықтау;

оқушылардың танымдық қызметтің түрлі салаларындағы табыстылықтың динамикасын көрсетуге мүмкіндік беру;

оқушылардың өзін-өзі бағалауын ынталандыратын, дамытатын, ықпал ететін механизмнің болуы;

сондай-ақ мұғалім - оқушы, ата-ана - сынып жетекші, әкімшілік-педагогикалық ұжым байланысын қарастыру.

      Қорыта айтқанда, бұл оқу үдерісінің қалыптасуына пәндер аралық сипаттарды меңгерген оқушылардың жетістіктерін бағалаудың жолдарын іздеуге, бағалау технологиясының ұйымдастыру-педагогикалық негіздерін анықтауға, аталған технологияның практикалық жағынан іске асыру үлгісін әзірлеуге ықпал етеді.           

Кіріспе

 

Оқыту формалары мен әдістерінің алуан түрлілігі көрсетіліп отырған білім беру қызметтерінің сапасы туралы обьективті ақпараттармен қамтылып отырылуы қажет. Толық бағалы, әрбір адамның жеке қажеттіліктерін қанағаттандыратын білім алу үшін оқушылар мен олардың ата-аналарының азаматтық құқықтарын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау қажет.

Бастауыш, негізгі орта және толық орта мектепті бтіруші оқушылардың оқу дайындығы деңгейін педагогикалық бақылаудың құралдарын дайындаудың орталықтандырылған ұйымы қажет.

«Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары. Ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықты дамытудың 4 базалық механизмдерін атап көрсетуге болады. Оның біреуі - оқу нәтижелерін бағалау жүйесін жаңарту болып табылады.

Функционалдық сауаттылықты дамыту білім – түсіну – қолдану – жүйелеу және жинақтау сияқты өлшемдер бойынша оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа тәсілдерін талап етеді» - деген болатын [1].

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру талаптарына сәйкес әдістемелік құралда білім алушылардың жағдайы мен іс-әрекеттерін ескере отырып 12 жылдық мектепте оқу жетістіктерін бағалаудың жобасы ұсынылып отыр. Құзыреттілік білім беруді енгізуге байланысты оқыту нәтижелері пән бойынша оқушылардың білім, білік, дағды түрінде емес, оқушылардың пән салалары мен құзыреттіліктердің білім, білік және дағдының, субъекті әрекетінің контексіне байланысты мазмұнды және сандық сипаттаудың жиынтығын нақты меңгергенін қарастырады және «оқу жетістіктері» деп аталатын жаңа термин анықталады. Осы анықтамаға сәйкес, мектепте қолданылатын бағалау жүйесі қазіргі таңда тек білім, білік және дағдыны ғана бағалап қоймай, құзыреттілікті де бағалайға мүмкіндік береді.

 

1 «Функционалдық сауаттылық» ұғымы

 

Білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды міндеттерінің бірі. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен «Интеллектуалды ұлт-2020» [2] бағдарламасымен тікелей іске асырылуымен байланысты орта білім беру мазмұнына функционалдық сауаттылықты енгізу болып табылады.

«Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарымен болған кездесуде (Астана қаласы, 2008 жылғы 30 қаңтар) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде қазақстандықтарды жаңа формацияда тәрбиелеуге және Қазақстанды адам капиталы бәсекеге қабілетті елге айналдыруға ықпал ететін интеллектуалды ұлттың дамытудың маңызды аспектілерін атап өтті. Әсіресе, білім беру жүйесін инновациялық дамыту қажеттілігін ерекше атап өтті: «Білім беруге деген дәстүрлі тәсіл оқушыларға ақпарат пен білімнің барынша кең көлемде берілуін мақсат тұтады. Бүгінде жағдайлар өзгеруде. Мамандардың есептеуінше, әрбір жеті-сегіз жылда кәсіптік ақпараттардың көлемі екі есеге ұлғайып отырады екен. Жаңартылған білімнің легіне ілесіп отыру үшін қазіргі заман қызметкерлері жүйелі және сын тұрғысынан ойлауды меңгеруі тиіс және үнемі өз білімін жетілдіріп отыруы керек. Бұдан басқа, біздің жастарымыз тек білімді алып қана қоймай, жаңа білім беру жүйелер құруға да күш салысулары керек. Бүгінгі таңда ең маңызды сапа креативті ойлау, білімді қайта өңдей білу, жаңа шешімдер, технологиялар мен инновациялардың пайда болуы болып табылады. Бұл үшін жаңа әдістер, оқытудың жаңа формалары, жаңа мамандар қажет».

Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» [3]  жолдауындағы маңызды тапсырмасы бес жылға арналған. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу болып табылады. Осыған байланысты Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспары әзірленді, аталған жоспар шеңберінде функционалдық сауаттылық бойынша шетелдердің адыңғы қатарлы тәжірибелерін зерделеу және Қазақстан Республикасының орта білім беру мазмұнының ерекшеліктерін ескере отырып, функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың жолдарын әзірлеу міндеттері қойылды.

Қазіргі ұғым бойынша функционалдық сауаттылықты білімнің (бірінші кезекте, жалпы) көп жоспарлы адам әрекетімен байланысын біріктіретін жеке тұлғаның әлеуметтік бейімделу әрекеті ретінде түсінуге болады. Бұл функционалдық сауаттылықтың ерекшелігі жылдам өзгеріп отыратын қоғамда барлығы үшін қажетті қолданбалы білімдер негізінде әртүрлі қызмет салаларында өмірлік мәселелерді шеше алуымен сипатталатыны оның анықтамасында берілген. (Бранд О) [4] Жалпы білім беретін мектептің жағдайында ол әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтің педагогика негіздеріне, сондай-ақ өмір бойы өз білімін жетілдіруге қызмет етеді.

Қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептегі міндеттер жүйесі оқу пәні мазмұнының белгілі бір үзіндісінің репродукциясымен шектеліп қалуда. Сонымен қатар, қазіргі болмыс өскелең ұрпақ алдына жаңа міндеттер қойып отырса, мектепте алатын білімінің жартысы қолданусыз қалып қойып отыр. Мектепте оқыту барысында жүзеге асырылатын функционалдық сауаттылықты қалыптастыру жастардың күнделікті өмірден алатын икемділіктерді меңгеруінен артта қалып отыр.

Функционалдық сауатсыздық барлық ұлттың экономикалық, интеллектуалды және әлеуметтік мәдени болашағы үшін елеулі қауіп төндіреді. Бүгінгі әртүрлі зерттеу материалдары көрсетіп отырғандай, функционалдық сауатсыздық бүкіл әлем бойынша ілгерілеп барады. Функционалдық сауатсыздықтан келіп жатқан жыл сайынгы шығындар әлем бойынша миллиардтаған долларлармен есептеледі. Функционалдық сауаттылық жастардың қоршаған ортаға сәтті бейімделуінің міндетті шарты болып отыр, ал функционалдық сауатты адамдардан тұратын қоғам елдің динамикалық дамуының негізі болып табылады. Ақпараттық қоғамға тән әлеуметтік динамиканың өсуі тек жеке тұлғаның функционалдық сауаттылығын анықтайтын білім көлемін кеңейтіп қана қоймайды, сонымен қатар адам өмірдің жаңа талаптарына бейімделу үшін қажетті әлеуметтенуді жылдамдатады. Сондықтан, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік мәдени дамуына байланысты қолданбалы білімге қойылатын талаптар күшеюде (олардың ауқымы кеңеюде, жаңа сапалық белгілер қалыптасуда) және қоғам мүшелерінің функционалдық сауаттылығына қажеттілік артып келеді;

 Жалпы білім беру ұйымдарына білім беру процесінің жаңа объектісі болып табылатын, функционалдық сауаттылықты бағалаудың әзірленген жүйесі арқылы нақты әдістемелік көмек ұсынылып отыр.

 Өткен ғылыми зерттеулерге шолу. Отандық және шетел әдебиеттерін талдау ғалымдардың функционалдық сауатсыздықтың себептерін анықтау және оны қалпына келтіру жөнінде белсенді зерттеулер жүргізіп жатқандығын көрсетіп отыр. В.В.Гаврилюк [5] «функционалдық сауаттылық» деген ұғымның өткен ғасырдың 60-шы жылдарының соңында ЮНЕСКО-ның құжаттарында пайда болғанын және кейінірек зерттеушілердің қолданымына кіргенін атап көрсетсе, С.А.Тянган [6] «функционалдық сауаттылық» ұғымын талдай келе ұғымды кеңейте түседі: бастапқыда, шамамен 1970 жылдардың ортасына дейін зерттеудің тұжырымдамасы мен стратегиясы адамдардың кәсіби қызметімен байланысты болған: осы саладағы жетіспейтін білім мен шеберліктің орнын толтырды; кейінірек мұндай тәсіл бір жақты деп танылды; функционалдық сауаттылық одан да кеңірек мағынада қарала бастады: компьютерлік сауаттылықты, саяси, экономикалық сауаттылықты және т.б. қосылды. Американдық зерттеуші Е.Д.Херш «мәдени сауаттылық» деген ұғымды енгізді. Көп тер төккен зерттеудің нәтижесінде ол өзін мәдени тұрғыда сауаттымын деп санайтын әрбір американдық білуі тиіс 4500 пәндердің атауларын, аттарды, даталарды, оқиғаларды іріктеп алды. Сауалдамалар нәтижелері 1988 жылы (Hirsch E.D. Cultural literacy. What every American needs to know. N.Y. 1988) жарияланды [7].

В.А.Ермоленконың, Р.Л.Перченоктың, С.Ю.Черноглазкиннің «Қазіргі жағдайда функционалдық сауаттылықтың дидактикалық негіздері» [8] атты еңбектерінде қазіргі жағдайда функционалдық сауаттылықтың қалыптасу ерекшеліктері қарастырылған, функционалдық сауаттылықтың жаңа деңгейін қалыптастырудың тәсілдері сипатталған, функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың тәрбиелік аспектісі ашылған, жалпы білім беретін мекемелердегі ақпараттық, кәсіпкерлік және технологиялық дайындық бағдарламалары ұсынылған. Қазіргі заман қоғамының талап-сұраныстарына сәйкес адамдардың функционалдық сауаттылығына қойылатын жаңа талаптар П.Терешкович пен С.Крупниктің еңбектерінде қарастырылған.

Функционалдық сауаттылық мәселесі білім беру философиясы деңгейінде қарастырылады (Б.С.Гершунский [9], В.В.Мацкевич, С.А.Крупник [10]. Бұл ұғым С.А.Тангянның, И.А.Колесникованың еңбектерінде үздіксіз білім беру аспектісінде ашылып көрсетілген, А.В.Хуторскийдің, О.Е.Лебедевтің [11] еңбектерінде құзыреттілік амалдар контексінде қарастырылған. Т.И.Акатова [12] тілдік функционалдық сауаттылықты студенттердің тілдік мәдениетімен өзара байланыста; Л.М.Перминова, О.Е.Лебедев и др. [13] оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру технологиясын; Л.Н.Полищук орта арнайы білім беру мекемелерінде технологиялық типті функционалдық сауаттылықты қалыптастыруды; П.И.Фролова [14] гуманитарлық пәндерді оқыту үдерісінде техникалық жоғары оқу орындары студенттерінің оқу-танымдық құзыреттіліктерін дамытудың негізі ретінде функционалдық сауаттылықты қалыптастыруды қарастырады.

Келесі авторлардың еңбектерінде функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мәселесі жалпы орта және ортадан кейінгі білім беру жағдайларында қарастырылған. Авторлар В.А. Ермоленко, Р.Л. Перченок, С.Ю.Черноглазкин [8] функционалдық сауаттылықты қалыптастыру технологиясын жалпы, кәсіптік және қосымша білім беру жүйесінде қарастырады; М.А. Холодная [15] социумға және интеллектуалдық даму мен тәрбиеге бейімделуге қабілетті, қазіргі заманғы мектептегі білім беру басымдықтарына ерекше назар аударады.

Мектептегі білім беру жағдайындағы функционалдық сауаттылық соңғы жылдарда зерттеулер объектісіне айналды. Мысалы, Н.Н.Сметанникова [16] функционалдық сауаттылықты оқуға үйретудің стратегиялық тәсілдері шеңберінде зерттеді. М.И. Губанова, Е.П. Лебедева [17] функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мәселелерін зерделей келе, мектептің кіші буын оқушыларын оқыту үдерісіндегі тиісті мазмұнды енгізудің перспективасын ашты. С.Г.Вершловский, М.Д.Матюшкин [18] соцологиялық зерттеулерді жүргізудің негізінде қазіргі заманғы мектепті бітірушілердің функционалдық сауаттылық деңгейін талдайды. Дегенмен, жекелеген пәндерді оқыту кезінде функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мәселесі бойынша нәтижелері мектептегі білім берудің мазмұнына әлі жаппай енгізілмеген бары-жоғы бірнеше ғана еңбектер бар. Оларды атап өтсек. Қазақстандық зерттеушілер Ж.Ж. Ордабаева [19], А.Ж.Мұрзалинова [20], А.К. Рауадина [21] оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту мәселесін қазақ тілінде оқытатын мектептерде физиканы, орыс тілін оқыту, орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілін оқыту барысында қарастырады, ресейлік әдіскерлер Г.Д. Клок, В.И. Анурова [22, 23] функционалдық сауаттылықты қалыптастыру жолдарын химия және шет тілі сабақтарында көрсетеді. Мұндай мектеп жағдайында функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мәселесіне қатысты аз көлемдегі жұмыстар оқушылардың функционалдық сауаттылығын жүйелі түрде қалыптастырудың өзекті мәселелерін шеше алмайды.

 Осы мәселенің біртұтас ғылыми-әдістемелік шешімі болған жағдайда орта білім берудің базалық мазмұнында және ғылыми нәтижелерді МЖБС-те және барлық жалпы білім беретін пәндердің типтік оқу бағдарламаларында көрсету функционалдық сауаттылықты жобалаудың нақты жолдарын негіздеу арқылы нақты нәтиже алуы мүмкін.

Ғылыми еңбектерді талдау және мектеп бітірушілерді уақтылы әлеуметтендіруге мемлекеттік сауал:

мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға қойылатын талаптар мен білім беру парадигмасы шеңберінде қалыптасқан оқыту тәжірибесі арасындағы;

функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың тиісті деңгейіне бітірушілерді қоғамның қажет етуі мен оқуды аяқтау кезеңінде оның бүгінгі оқушыларда жеткіліксіз деңгейде болуы арасындағы;

орта білім беру мазмұнының мүмкіндіктері мен оқушылардың ерте әлеуметтенуі мен өз бағытын анықтауға ықпал ететін оқу пәндерінің базалық мазмұнында функционалдық сауаттылықты жобалау формаларының, әдістерінің жеткіліксіз деңгейде әзірленуі арасындағы;

функционалдық сауаттылық компоненттерінің жаңартылған білім беру мазмұны мен функционалдық сауаттылықты қалыптастыру параметрлерін қарастырмайтын ескірген бағалау жүйесі арасындағы қайшылықтарды анықтайды.

 Функционалдық сауаттылық ұғымы. 1957 жылы ЮНЕСКО-ға енгізілген «сауаттылық» термині бастапқыда әлеуметтік контексте қолданылатын оқу мен жазуды қоса алғандағы біліктер жиынтығы ретінде анықталған болатын. Басқа сөзбен айтқанда, сауаттылық - оқу мен жазудың дағдыларын меңгерудің анықталған деңгейі, яғни баспа сөздерімен жұмыс істеу қабілеті (неғұрлым заманауи мағынада – бұл оқу, жазу, есептеу дағдылары және құжаттармен жұмыс).

«Сауаттылықтың төменгі деңгейі» және «функционалдық сауаттылық» ұғымдары қатар енгізілген болатын. Біріншісі қарапайым хабарламаларды оқу және жазу қабілеттерін, ал екіншісі социуммен өзара әрекет ету жағдайында оқу мен жазу дағдыларын қолдану қабілеттерін сипаттайды (банкте шотты ресімдеу, сатып алынған музыкалық орталыққа қоса берілген нұсқаулықты оқу, сотқа талап-арыз жазуь және т.б.), яғни бұл индивидтің әлеуметтік қоршаған ортада толыққанды әрекетін ете алатындай сауаттылық деңгейі.

 Функционалдық сауаттылықтың ерекше белгілері:

1) тұрмыстық мәселелерді шешуге бағытталған;

2) өзін нақты әлеуметтік жағдайларда қалады деп есептейтін жеке тұлғаның жағдайлық сипаттамасы болып табылады;

3) стандартты, стереотипті мәселелерді шешумен байланысы;

4) бұл әрқашанда оқу мен жазу дағдыларының кейбір қарапайым деңгейі;

5) ең алдымен ересек тұрғындарды бағалау ретінде қолданылады;

6) ең маңыздысы, сауатсыздықты жылдам жою тәсілдерін іздестіру контексіндегі мақсаттардың болуы.

Атап айтқанда, С.А. Крупник, В.В.Мацкевичтің ойларынша сауаттылықтың келелі мәселелерінің жиынтығы (функционалдық сауаттылық) ел басқа елдерге қуып жету, жоғалған пайданың орнын толтыру кезеңінде ғана өзекті бола бастайды. Сондықтанда, функционалдық сауаттылық ұғымы қоғам өмірінің сапасын түрлі елдердің әлеуметтік-экономикалық тиімділігін салыстыру кезінде, бағалау шарасы ретінде (мәдениет стандарты) қолданылады
(С.А. Крупник, В.В. Мацкевич Функционалдық сауаттылық) [10].

 Павел Терешкович пен Светлана Крупниктің «Новый порог функциональной грамотности вызов 21 века» [24] еңбегінде функционалдық сауаттылықты қоғамның негізгі даму тенденцияларымен байланыстырады. Біріншіден, бұл өндірістік және гуманитарлық қызмет аясын ерекше технологияландыру. Гуманитарлық саладағы технологияландыру (қызмет жүйелерінің элементтерін ұйымдастыру және реттеу) интеллектуалдық және ақпараттық шиеленістердің белгіленген өрісін жасайды. Сондықтан адамның білік қызметтері жүйесінде жұмыс істеуге қажетті біліктің ең төменгі деңгейі айтарлықтай артады. Бұл өз кезегінде, ақпараттар мен ақпараттық техникаларды шығару, қолдану, қызметтің жалпыланған мақсаттары мен міндеттерін өз бетінше белгілей білу және қарым-қатынастардың қалыптасқан жүйеге жылдам бейімделуі. Екіншіден, геометриялық прогрессияда еселеніп отыратын ақпараттар ағыны. Осыған сәйкес, кез келген ақпарат мәдениетті ақпарат бола алмайтынын және оқу үдерісінде міндетті түрде меңгерілуі тиіс нормаға жатқызылуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Ақпараттардың адамның өз қызметі үдерісінде алдына қойған міндеттеріне сәйкес түрлену қасиеттері болады. Үшіншіден, қызметтің шамадан тыс кәсібилілігі (кең ауқымда). Кеңес заманында қол жеткізген білімнің молдығы осы күнге дейін белгісіздік пен тұрақтылықтың жоқтығы, сондай-ақ, өмірлік белсенділіктің құлдырауы, жекелеген кәсіптік салалардың, негізінен өндірістік-техникалық салалардың жұмыс істеу деңгейінің тұрақты режиміне қатысты жеткілікті дәрежеде қолдау көрсету жағдайында мүмкіндік беріп отыр. Төртіншіден, өркениетті дамудың жаһандық мақсаттарының белгісіздігі (Хайек Поппер). Осының барлығы сауаттылық деңгейіне қойылатын белгіленген талаптарды және адамның қызметтер жүйесіндегі өндірістік және қоғамдық қарым-қатынастарға қатысты білімдерін де қалыптастырады. Функционалдық сауаттылық деңгейі елдегі нақты сол немесе өзге де технологиялардың даму деңгейімен бағаланады. Қазіргі таңда өркениетті дамытудың әлемдік үрдістерін есепке ала отырып, ең төменгі қажетті сауаттылық деңгейі: компьютерді пайдалана білуден, қызмет саласы үшін қажетт ақпараттар алудан және оны пысықтаудан, екі немесе одан да көп шет тілдерін меңгеруден (тілдік, бідімдік сауаттылыққ), көлікті басқаруды білуден, құқықтық және қаржылық қарым-қатынастарда білімді көрсетуден тұрады.

Осыған сәйкес, зерттеушілер мынадай ұғымдарды айыру қажеттіліктерін атап көрсетеді: қарапайым сауаттылық (оқи, жаза, санай білу және т.б.); функционалдық сауаттылық (сауаттылық барлығы үшін немесе құқықтық және жалпы кәсіби сауаттылық қарым-қатынастарындағы білім); кәсіби сауаттылық (нақты сол немесе өзге де кәсіптік топтардың сауаттылығы); экологиялық сауаттылық (орта сипаттамаларын білу); жағдаяттың саяси және экономикалық-азаматтық сауаттылығын бағалау және әрекетке тиісті шешімдер қабылдау қабілеті.

«Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарында» қазақстандық мектептік білім беруде оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру шеңберінде негізгі құзыреттіліктер анықталған.

Тұлғалық құзыреттілік өзін-өзі тану қабілеттерінде, заманға сай адамның тұлғалық сапаларын қажетті дамытуда; қоғамдағы өз рөлін жете түсінуде; қалыптасқан жағдайларда дұрыс шешімдер қабылдай білулерінде; өздігінен білім алуға, өзін-өзі іске асыруда және өздігінен дамуға деген талпынысында көрініс табады. Азаматтық құзыреттілік белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруда, жоғары елжандылық сезімдерде; Отанға қызмет етуге деген дайындықта және оны қорғау мүдделерінде; жүргізіліп жатқан әлеуметтік оқиғаларға баға бере білуде, мемлекеттің мүдделерін есепке ала отырып, әртүрлі өмірлік жағдаяттарда шешім қабылдай білуде, қазақ халқы мен Қазақстан аумағында тұрып жатқан ұлыстардың тарихына, мәдениетіне және өзге де құндылықтарына деген сыйластықта көрінеді.

Басқарушылық құзыреттілік әртүрлі өмірлік жағдаяттарда шешім қабылдай білуді, практикалық қызметте білімді пайдалануды, алынған ақпаратты шығармашылық қайта жөндеуді білдіреді.

Қатысымдық құзыреттілік.

Ақпараттық құзыреттілік ақпаратты өз бетінше іздеу, талдау, өңдеу, жіктеу, синтез жасау, қайта жөндеу, сақтау және бере білуінде, сондай-ақ оны оқу үдерісінде пайдалануда көрінеді.

Технологиялық құзыреттілік оқу және ғылыми-зерттеу қызметтерінің шеңберінде зерттеулерді жобалауда заманауи ақпараттық-қатысымдық технологияларды қолдана білуін білдіреді.

 

 

2  Оқушылардың дайындық деңгейін бағалау бойынша отандық және әлемдік тәжірибелерді талдау

 

10 балдық жүйенің дәстүрлі 5 балдық жүйеден басты ерекшелігі – оның диагностикалық қызметінде. Бұл мұғалімге әрбір оқушының білім сапасын жүйелі бағалауға, оның оқу жетістіктері мен диагностикалау негізінде оқудағы жеке қажеттіліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Міндетті қорытынды бақылау оқушының оқу үдерісіне жай ғана қатысуын ғана емес, ақпараттың нақты бір бөлігін меңгеру сапасын бағалауға да көмектеседі. Нашар бағаның болмауы және қорытынды диагностикалық жұмысты қайта тапсыру оқушылардың оқуға деген ынтасын арттырады. Қорытынды бағаларды қойған кезде ағымдағы бағаларды ескермеу талабы, яғни оқушылардың жетістіктерін арнайы жазбаша жұмыстар немесе ауызша сұраудың нәтижесі бойынша бағалау бағаның объективті қойылуын қамтамасыз етеді. Өйткені мұғалім оқушыны ынталандырғанда немесе жазалағанда баға арқылы бұрмалауға бара алмайды. Бірқатар педагогтер реформаның бір кемшілігі үлгерімі өте нашар оқушыларды екінші жылға қалдырмау қажет, өйткені оқушылардың көпшілігі мұндай жағдайда босаңсиды деп санайды.

Беларусь, Грузия, Литва, Латвия, Молдова бағалаудың 10 балдық жүйесін тәжірибеге енгізген. Германия мен Польшада бағалау жүйесінің 6 балдық, Голландия мен Жапонияда 100 балдық, Италияда 30 балдық жүйесі қолданылады. Франция және оның бұрынғы бірқатар отар елдерінде 20 балдық жүйе пайдаланылады. АҚШ-та 5 балдық жүйе қабылданған, бірақ санның орнына әріптер қолданылады [25].

АҚШ-тың бірқатар колледждері мен орта мектептерінде оқушылардың оқу үлгерімін бағалауда әріптік жүйені қолданады: А – тамаша; В – жақсы;
С – қанағаттанарлық; Д – нашар; F – өте нашар. Солай болғанымен, әр жарты жыл сайын өтетін қорытынды тест жұмыстары пайыздық жүйе арқылы бағаланады. Дұрыс жауаптардың пайызына қарай мынадай өлшемдер бойынша балл қойылады: 90-100 % – А; 80-89 % – В; 70-79 % – С; 65-69 % – Д, одан төмен болса - F.

Канадада баға пайыз есебімен қойылады. Мысалы, 50-60 % – қанағаттанарлық, 65-75 % – жақсы, 80-90 % – «өте жақсыға» жақын, 100 % алу өте қиын. Бұл көбінесе математика және нақты ғылымдарда мүмкін. Барлық пәннен алынған бағалар негізінде орташа балл шығарылады. Келесі жылға көшіру үшін 50 %-дан жоғары болуы тиіс. Орташа балл 80 %-дан асқан жағдайда емтиханнан босатылып, мақтау қағазы беріледі.

Жапония мектебінде оқушылардың білім деңгейі жеке бағаланбайды. Білім сапасының жалпы пайызы анықталып, тұтас сыныпқа орташа балл шығарылады. Десе де, орта және жоғары мектеп оқушылары пайыздық жүйе бойынша бағаланатын әр триместрдің аяғында және бірінші, екінші триместрдің ортасында емтихан тапсырады.

Францияда білімді 20 балдық жүйе бойынша бағалайды. Осыған байланысты, жоғары баға – 18 балл. Француздар 20 балды тек Жаратқан ие ғана алады деп санайды, ал 19 балл мұғалімге беріледі. 10-ға дейін және одан жоғары балл «жақсы» деп саналады. «Төртке» оқитын француздықтардың көпшілігі 12-14 балл алады. 14-16 балл алу екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Франкотілді және фламанд қауымының білім беру жүйесіндегі Бельгияда 1988 жылға дейін білім сапасын бағалаудың франциялық 20 балдық жүйесі қолданылған. Қазіргі таңда бағалаудың әртүрлі шкаласы қолданылады. Франкотілді қауымның орта білім беру жүйесінде 10 балдық шкала қолданылады, ондағы 10 балл – жоғары баға, 1 балл - төмен баға. Осыған байланысты, келесі сыныпқа көшу балы 5 немесе 4 деген баға болып табылады. Оны белгілі бір аттестаттау кезеңі үшін білім беру мекемелерінің басшылығы дербес белгілейді.

Фламандық қауымның орта білім беру жүйесінде 20 балдық жүйе қолданылады: 20 балл – өте жоғары, 10-нан 20-ға дейінгі аралықтағы балл – жақсы, ал 10 балл – шект деңгейден «өту» аймағы болып есептеледі. Жоғарыда аталған екі қауымның жоғары мектебінде бағалаудың пайыздық-сандық жүйесі қолданылады. Мұнда 80 % және одан жоғары болса – «өте жақсы», 70-80 % – жақсы, 60-70 % – қанағаттанарлық, ал 60 % «өтпелі» аймақ болып табылады.

Испаниядағы білім беру жүйесінде оқушылардың білім сапасын бағалаудың сапалық және сандық түрлері қолданылады. Бірінші жағдайда мынадай сапалық сипаттамалар қолданылады: Sobresaliente – өте жақсы, Notablе – жақсы, Aprobado – қанағаттанарлық, Suspenso – қанағаттанарлықсыз. Білім сапасын бағалаудың сандық жүйесі 10 балдық жүйе: 9-10 – өте жақсы, 7-8 – жақсы, 5-6 – қанағаттанарлық, 1-4 – нашар.

Польшада 6 балдық жүйе қолданылады. Сонымен қатар, оқу мекемелері оқу процесін ұйымдастыруда өз бетінше жұмыс істеудің белгілі бір үлесін алды. Осыған байланысты әрбір мектептің өз қызметі аясында оқушылардың үлгерімін бағалаудың «ішкі» шкаласы аталатын артықшылығы бар. Алайда, басқа оқу мекемелеріне берілетін мектеп құжатындағы бағалар бағалаудың сыртқы жүйесінің жалпы қабылданған шеңберінде болуы тиіс.

Германиядағы орта білім беру жүйесінде де бағалаудың 6 балдық жүйесі қолданылады, бірақ керісінше жүргізіледі:

1 – өте жақсы

2 – жақсы

3 – жеткілікті

4 –қанағаттанарлық;

5 – қанағаттанарлықсыз;

6 – өте нашар.

«Бір» деген баға өте сирек қойылады. Өйткені, Германияда жоғары оқу орындарына түсу үшін емтихандар болмайды; мұнда басты қызметті орташа баға атқарады; ол неғұрлым жоғары болса, соғұрлым оқуға түсу мүмкіндігі мол. Орташа бағаны шығару үшін бағаны балға мынадай қатынаста қайта айналдырып есептейді: 1 – 15 балл; 2 – 12 балл; 3 – 9 балл; 4 – 6 балл; 5 – 3 балл; 6 – 0 балл.

Ұлыбританияда бағалаудың әріптік жүйесі қабылданған (A*-дан U-ға дейін).

А* – өте жоғары баға, өте сирек қойылады;

А – өте тамаша;

В – өте жақсы;

С – жақсы;

D – жеткіліксіз;

Е – нашар;

F – өте нашар;

N – аттестациядан өтпеді;

U – өте алмау.

Қағаз жүзінде тек U деген баға емтихан тапсыра алмады дегенді білдіреді. Десе де тәжірибеде Е-ден төмен бағалар «екілік» бағасына барабар.

Аргентина мектептерінде 10 балдық жүйе қолданылады. 10 – өте жоғары нәтиже. Өткен материалдар бойынша тексеру, тәжірибелер және қорытынды жұмыстар жүргізіледі. Олардың нәтижесі әр триместрдегі орташа арифметикалық бағаны шығаруда ескеріледі. Орташа арифметикалық баға
7-ден көп немесе оған тең болса, осы курсты табысты аяқтады дегенді білдіреді; баға 7-ден төмен болған жағдайда оқу жылында өткен барлық материалдар бойынша емтихан тапсыруға тура келеді. Оқушы екі пәнді тапсыра алмаса, емтиханды қайта тапсыру арқылы келесі сыныпқа көшеді.

Израилдағы орта мектептерде 10-0 немесе 100-0 масштабындағы сандық баға қолданылады. Жоғары балл 10 немесе 100 балл болып табылады.

Австралияда Конституцияға сәйкес әрбір штат және әрбір аумақта өздерінің меншікті білім беру жүйесін құрады және дамытады.

 

Қорытынды

 

12-жылдық мектептің МЖБС-нің білім тұжырымдамасы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру стратегиясына негізделген оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудің жаңа мазмұнын айқындап берді. Жаңа тұжырымдаманы іске асыру білім беру үдерісінің когнитивтік (пәндік), әрекеттік және аксиологиялық аспектілерін қамтуға мүмкіндік беретін бағалаудың оңтайлы жүйесін әзірлеуді талап етеді.

Бағалаудың жаңа формасы оқушының функционалдық сауаттылық деңгейін бақылау қажеттілігімен байланысты.

12-жылдық білім беру жүйесі жеті негізгі құзыреттіліктер негізінде (жеке тұлғалық, азаматтық, басқарушылық, әлеуметтік, коммуникативтік, ақпараттық, технологиялық) жеке тұлғаның біртұтас дамуын қамтамасыз етеді, білім беру деңгейлері бойынша портфолио мазмұнына жинақталады. Бағалаудың өлшемдері мен параметрлерімен бірге портфолионың құрылымы мен мазмұны ұсынылды, оқушылардың жартыжылдық және оқу жылындағы жетістіктерін обьективті бағалауға мүмкіндік береді.

Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне арналған әдістемелік құрал жалпы алғанда, білім беру үдерісінің нәтижелерін, сынып деңгейін және әрбір оқушының жетістіктерін жеке-жеке бағалауда практикалық нұсқау болады.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарының орындалуы барысы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 11 қыркүйекте болған отырысы.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 2010 ж. 7 желтоқсан.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» 27.01.2012 ж.

Бранд О. Функциональная неграмотность в промышленно развитых странах. – Ж. Перспективы, 1988. - № 2. - С. 37-51.

Гаврилюк В.В. Преодоление функциональной неграмотности и формирование социальной компетентности // Социол. Исслед. - 2006. - № 12.

Тангян С.А. «Новая грамотность» в развитых странах// Советская педагогика. - 1990. - №1. - С.3-17

10
15

Комментарии (10)

Темирова Айнаш,
Преподаватель

Бағалау мәселесі әр елде әртүрлі,  біз 5 -2 тек баға қоямыз

Махамбетова Айнур,
Преподаватель

бағалаудың  түрлері   сан қилы екен.

Алданазарова Камила,
Преподаватель

қызықты   мәліметтер бар.

Олжабаева Айдана,
Преподаватель

оқушыларды  бағалау жолдары   әр түрлі  екен.

Тасмурзаева Шынар,
Преподаватель

Жақсы

,
Пользователь

Өте жақсы

Абдыкова Самал,
Преподаватель

Қызықты ақпаратпен бөліскеніңізге рахмет!

Бердалі Мерей,
Пользователь

Ақпаратқа  рахмет.

Баймаханова Жанат,
Преподаватель

Өте жақсы. 

Казангапова Венера,
Преподаватель

Мəліметпен бөліскеніңізге  рахмет.