Информатика пәнінен 6B сыныбына сабақ өткізуге сынып бөлмесіне кірдім. Оқушылар сабақты жоспарлауыма қарай топтқа бөлініп отыра қалыпты екен. Оқушылар өзара әңгімелесіп отыр, ал бір оқушы шет жақта ұялы телефонмен сөйлесіп тұр екен.
- Сәлеметсіңдер ме, балалар! – деп амандастым.
Оқушылар сәлемдесті де, орындарына жайғасты. Оқушылардың кейбірі жұмыс дәптерлерінен үй жұмысын тексертуге дайындап жатыр. «Алгоритм құрудың тәжірибелік жұмысы» тақырыбы бойынша үй тапсырмасын жұмыс дәптерлеріне орындап келіпті.
Бүгін мектепте олимпиада өтіп жатыр. Мағжан Айтбайұлы, 2-топтың мұғалімі олимпиаданы өткізеді, ал мен информатика сабағын екі топқа қосып өткіземін. Бүгін бізде қатарынан алты сабақ, бұл 5-ші сабақ болатын. Сабақ математика кабинетінде өтуде.
- Балалар, біздің жеріміздің пішіні қандай?
Оқушылардың бірі «эллипс», бірі «шар тәріздес», енді бірі «беті тегіс емес шар» деп жауап беруде.
- Ал осы жердің шар тәріздес екендігіне қандай дәлелдерің бар. Жердің дәл үлгісі деп нені қарастыруға болады?
Оқушылардың көбісі жердің нақты үлгісі ретінде глобусты атады. Глобус пен картаның жермен танысуға мүмкіндік беретіндігін, үйден шықпастан қозғалыс маршрутын есептеуге болатынын айтып жатыр.
- Сонымен, глобус - әлемді тану құралы, яғни модель болып табылады. Ғалымдар жер бетін зерттеу үшін модель құрған, ал бұл үдеріс модельдеу болып табылады.
- Олай болса, біздің бүгінгі өтетін тақырыбымыз осыған негізделген «Модель және модельдеу».
Топтастыру стратегиясын қолданып, топтасып отырған оқушыларға осы тақырыпқа постер құруды тапсырдым. Мағынаны тану келесі сұрақтардың төңірегінде болатын: Модель деген не? Модель не үшін қажет? Информатикада қандай модельді қарастырады? Модельдеу деген не?
Топтардың атаулары белгілі болды. «Модель», «КЮП», «Алтын белгі», «КГД», «Некрос», «Алғылар», «Сиқырлы бестік», «Ғажайып екілік» топтары плакаттар мен түрлі-түсті қарындаштарын алып, жұмысқа жұмыла кірісіп те кетті.
Оқушылар жұмыстарын аяқтап, тақтаға біртіндеп іле бастады. Бірінші болып, өздерінің қалаулары бойынша құрылған, екі оқушыдан тұратын «Ғажайып екілік» тобы қорғады. Өздерінің идеялары мен пікірлерін айтып жатыр. Олар өткен оқу жылында мектептің моделін құрып, белгілі бір сыйлыққа ие болғандығын айтып кетті.
«Модель» тобы модельдеу кезеңдерін нақтылай атап өтіп, мысал ретінде аз уақыт аралығында ноутбуктың моделін жасап үлгеріпті. Сыныптың сабаққа деген қызығушылықтары арта түсті.
«КЮП», «Алтын белгі», «Сиқырлы бестік» топтары да өте белсенді, тақырыпты жан-жақты ашып, өздерінің пікірлерін білдіріп жатыр. Осы сабаққа берілген аз уақыт ішінде зерттей келе модельдеудің–ғылымды тану тәсілі екендігін түйіндеді.
Бағдарлай отырып, осы сыныпта іздену-зерттеу дағдылары қалыптасып келе жатқан, талантты және дарынды балалар өсіп келе жатқанын байқадым.
- Балалар, талаптарыңа нұр жаусын! Осы алған білімдеріңді одан әрі толықтыра отырып, болашақта үлкен маңызды модельдер құрастырады деген сенімдемін.
Сабақ аяқталып, сынып бөлмесінен шығып бара жатқан уақытта оқушылардың «Мұғалім, рахмет!» деген жауаптарын естігенде ерекше күйге бөлендім, бұл мен үшін зор мәртебе болды.
Талабынызға нұр жаусын .Оқушыларыңыз болашақта үлкен маман иесі болсын
Рахмет!