kz ru en

Авторизация


кейс-стади әдісін биология сабақтарында қолдану

Білім беру саласындағы мемлекет қойып отырған міндеттерді орындау мектептен басталады. Ал мектептегі өзгерістерді іске асыратын мұғалім екені белгілі. Заманауи мектепте мұғалім оқушыны өз бетімен білім алуға, ойлана білуге жетелеуі тиіс. Осы тұрғыда биологиялық білімнің де маңызы зор. Биология сабақтарында адам, табиғат, қоғам жүйесінің біртұтастығы туралы көзқарас  қалыптасады. Зерттеу негіздері іске асырылады. Гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының кірігуі арқылы өз денсаулығына, қоршаған адамдардың денсаулығына жауапты қарайтын, табиғатпен оңтайлы қарым-қатынас жасай алатын, ғылыми және күнделікті өмірде туындайтын проблемаларды шеше алатын тұлға қалыптасады. Бұларды іске асырудың бір жолы жаңа педагогикалық технологияларды ұтымды қолдану болатыны сөзсіз. Кейінгі уақытта мектепте қолданыла бастаған жаңа әдіс кейс-стадиді қолданудың тиімділігі туралы ой бөліспекпін.

Кейс –стади тәсілі немесе оқытудың нақты жағдаяттар әдісі ХХ ғасырдың басында Америка Құрама Штаттарының Гарвард университетінің бизнес мектебінде  пайда болған.    Кейс амал-тәсілі алғашқы кезде бизнес мектебінде ғана қолданылып келсе, бүгінде бұл әдіс арқылы оқытудың қолданылу аясы кеңіп, ол құқық, мәдениеттану, медицина және басқа да салаларда жемісті қолданылуда. Қазір кезде  кейс-стади тәсілі педагогикалық  үрдісте де қолданыла бастады. Бұл әдіс оқушылардың пәнге деген қызығушылығының артуына, білімді терең меңгеруіне, ақпаратпен жұмыс істей алуына, әр түрлі жағдайларды саралап, өз ойларын еркін айтуына мүмкіндік береді. Кейс дегеніміз :

•   нақты болған жағдайды сипаттау.

•  шынай өмірдің бір кезеңі.

•  өмірдің бір саласында болған оқиға, оның міндеті оқушылар арасында пікірталас тудырып, сол жағдаятты талдап, оның шешімін табуға итермелеу. 

Кейсті құрастыру дереккөздері:

•  Проблемалық ситуациялар

Проблемалық ситуациялар қолданылған кейс мысалдарына 9 сыныпта экология тақырыбы бойынша берілген кейстерді айта аламын. Ол кейстерде  Каспий, Арал, Балқаштың экологиялық жағдайы сипатталады. Сол кейстерде берілген деректерге сүйене отырып, проблеманы шешу жолдарын іздейді.

•  қызықты тарихи оқиғалар

Қызықты тарихи оқиғаларға құрылған кейс түріне Бұқар жырауға егінші шаруалар келіп: «Егінді қай жерге ексек көп өнім аламыз?»- деп сұраған екен. Бұқар құрт-құмырсқасы көп жерге қолын сілтеп жүріп кеткен екен. Бұның мағынасы неде? Құрт-құмырсқалардың егіншілікке қандай пайдасы бар? Зияны болуы мүмкін бе? Мол түсім алудың қандай жолдарын атар едіңдер деген сұрақтар қойылады.  Дарвинге шаруалар келіп: «Бедеден алатын түсім азайып кетті. Себебі не?»- деп сұрақ қойыпты. Мәселені зерттеген соң Дарвин «мысық асыраңдар»,- деп кеңес берген екен. Мысық пен беденің түсімі арасында қандай байланыс болуы мүмкін. Тарихта болған атақты адамдарға байланысты осындай кейстер оқушының қызығушылығын тудырады.

•  көркем әдебиет

Д.Исабековтың «Дермене» повесінен үзінде бере отырып, біздің аймағымызда қандай дәрілік өсімдіктерді өсіру мүмкіндігі бар, оның қандай пайдасы болуы мүмкін. Оны өңдеу проблемаларын қалай шешеміз деген сұрақтарға жауап іздейді.

Мен оқушыларым құрастырған әңгімелерді кейс түрінде қолданамын. Мысалы экологиялық кейс ретінде оқушы жазған жазғы демалыс туралы әңгімені оқушыларға талқылауға ұсынамын. Сол арқылы табиғатта демалу ережесін жасап шығарады.

Кейсті ұсыну түрлері:

Баспа кейстер

Мультимедиа кейстер

Видео кейстер

Кейстерің көлемі де әртүрлі болуы мүмкін- бірнеше сөйлемнен тұратын кейс, бірнеше беттен тұратын кейс. Өте көлемді кейстерді қолданудың тиімділігі жоқ: біріншіден- сабақта уақыт шектеулі, екіншіден- оқушыны жалықтырып жіберуі мүмкін. 5,6 сыныптарда кейспен жұмыс 5-7 минутан асып кетпегені дүрыс, 7,8 сыныптарда 10-15 минут тиімді болса, жоғары сыныптарда 20-25 минуттан артпағаны жөн.

Кейс әдісін қолдану үшін мұғалім кейстер жинақтамасын жасауы қажет. Ол кейс бойынша талқыланатын сұрақтар, тапсырмалар ойластырылуы керек.

Кейс қолданып өткізілетін сабақ бірнеше кезеңнен тұрады.

1.      Дайындық кезеңі. Мұғалім жағдаятты ойластырады. Оған тапсырмалар дайындайды. Осы уақытта мұғалім ғаламтор, көркем әдібиет мүмкіндіктерін, бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдарды қарастырады.

  2. Таныстыру кезеңі.  Бұл кезеңде жағдаяттың сипаттамасы беріледі, ақпараттық материал таратылады. Сөздік беріледі.

3. Негізгі кезең. Мұғалімнің кіріспе сөзі. Оқушыларды топқа бөлу. Оқушылардың материалды оқып талқылауы. Шешімді табуы[2].

4. қорытынды кезең. Топтың жұмысын тыңдау. Мұғалімнің қорытынды сөзі. Бағалау.

Кейс әдісі келесі дағдыларды дамытады:

1. Аналитикалық дағдыларБұл оқушылардың қисында ойлауын дамытатын дағдылар. Ақпаратпен жұмыс жасау барысында өте қажет. Оқушы қажетті ақпаратты тауып, ондағы маңызды деректерді маңызы аз деректерден ажыратады, түсіп қалған ақпараттың орнын толтырады. Бұл жұмыс жоғары сыныптарда өте қажет. Орта буында осыған дайындық жұмысы ретінде сұрақтар қою, сұраққа жауап беру, болжам жасау дағдылары қалыптасады. Кей жағдайда оқушылар қажетті ақпаратты ғаламтордан іздеп, оларды саралайды. Мысалы, 8 сыныпта кейсті  талдау барысында оқушылардға жүрек трансплантациясы туралы ақпарат қажет болды. Олар ақпаратты тауып, қажет ақпаратты бөліп алып, оларға талдау жасады. Трансплантацияның Қазақстанда дамуы туралы хабарлама әзірлеп, оның дамуына бөгет болатын факторларды атады. 2. Тәжірибелік дағдылар. Оқушыларға өмірде қажетті тәжірибелік жағдыларды игеруге мүмкіндік береді. 9,10 сыныптарда экологиялық кейстерді орындау барысында модельдеу, график құру сияқты тәжірибелік дағдыларын дамытады. 3. Шығармашылық дағдыларОқушылар кейсті шешудің түрлі жолдарын қарастырады, соның нәтижесінде логикалық ойлауы дамиды, шығармашылық тапсырмалар орындайды. 4. Коммуникативті дағдыларМұғалім оқушылардың қарым-қатынас дағдысын дамытуға көп мән береді. Олар бір-бірімен сыйластықта жұмыс істеуге, өзгенің ойын тыңдауға, пікірталас жүргізуге, өз ойын нақты деректермен дәлелдеп сөйлеуге, көрнекіліктерді ұтымды қолдануға дағдыланады. Оқушылар ортақ ойды қорыта отырып постер, кластер жасап, оны қорғауды үйренеді.

5. Әлеуметтік дағдылар. Талқылау барысында нақты әлеуметтік дағдылар қалыптасады: адамдардың өзін - өзі бағалау тәртібі, тыңдай білу, дискуссияны қолдау немесе қарама – қарсы көзқарасты дәлелдеу, яғни, өзін өзі ұстау және т.б. 6. Өзіндік саралауПікірталас кезінде келіспеушілік басқалардың және өзінің пікірін жете түсінуге және талдауға септігін тигізеді. Туындаған моральдық және этикалық мәселелер оларды шешудің әлеуметтік дағдыларынқалыптастыруды талап етеді.     Бұл әдістің тиімділігі, ол басқа оқу әдістерімен оңай  байланысуы мүмкін.  Мысалы, үлгілеу әдісі. Оқушыларға зерттеу жасаудың алгоритмін жасау тапсырылады. Оны жасау барысында оқушылар нысанның қандай белгілерін зерттейтінін анықтайды. Проблемалық әдіспен де тығыз байланысты. Мысалы, жыртқыштермен күрес туралы кейсте Скандинавия елдері мысалдарында жыртқыштармен күрестің зардаптары айтылады. Сонымен қатар жыртқыштардың санының артуы да үлкен шығынға әкеледі. Оқушылар осы проблеманы шешу жолын іздейді. Кейсті ойын әдісімен де байланыстыруға болады. Мысалы рольдік ойын арқылы орманшы, дәрігер, саяхатшы рольдерін бөле отырып, батпақты орманға айналдырудың қандай пайда, зияны бар екенін аштыруға болады. Миға шабуыл әдісі арқылы жағдаятқа қатысты барлық ойларды жинақтауға болады. Пікірталас арқылы түйінді мәселе және оны шешу жолдарына байланысты   ойларын айтады. Оқушыларды белгілі бір проблеманы жақтайтындар немесе қарсылар деп бөлуге болады. Мысалы, 10 сыныпта мутация тақырыбы бойынша қолданылған кейсте радиацияның мутагендерге жататыны жазылған. Бірақ атом энергетикасын қолдану энергияның тапшылығын болдырмайтыны да шындық. Ендеше, Қазақстанда атом энергетикалық станциясын салу қажет пе деген сұрақ пікірталас тудырады.  Сол арқылы оқушылардың диалогтық, монологтық сөйлеу дағдылары дамиды.

            Жұмыстың дені топта орындалғандықтан, топқа бөлудің әр түрлі стратегиялары қолданылады. Ол жұмыс та оқушының білімін тексеру арқылы іске асырылады. Мысалы, «Жүректің құрылысы» тақырыбы бойынша кйспен жұмыс істер алдында топқа бөлу үшін лейкоциттерге, эритроциттерге, тромбоциттерге қатысты дерек жазылған қағаздарды таратамын. Сол арқылы өткен тақырыпты қалай меңгергенін білемін. Мақал-мәтелдер, өлең жолдары арқылы топқа бөлу де сабақта әдебиетпен байланыс орнатуға ықпал етеді. Топтық жұмыс барысында оқушыларды сырттай бақылап, олардың қарым-қатынасына талдау жасап отыру қажет. Кейде топтың талқылауын тыңдай отырып, оларға бағыт-бағдар беруге де болады. Оқушылардың талқыланып жатқан кейс тақырыбынан ауытқып кетпеуіне назар аудару өте маңызды.

Кейс әдісі мұғалімнің де кәсіптік құзыреттілігін жоғарылатудың нақты тәсілдерінің бірі. Себебі, кейсті даярлау барысында мұғалім көп ізденеді. Ақпаратпен жұмыс істей отырып одан сапалы, талапқа сай кейс жасау үшін тапсырмалар әзірлейді. Оның үстіне педагогтың шеберлігін қажет етеді. Себебі, кейсті қолданудың қатып қалған қағидасы жоқ. Әр кейстің атқаратын қызметіне байланысты жұмыс түрлерін өзгертіп отыруға болады.Жұмыс барысында оқушылардың жас ерекшеліктерін, олардыңдайындық деңгейін де есепке алу қажет. Оқушылардың жұмыс дағдысы тек 5-6 кейс бойынша жұмыс істеген соң ғана қалыптаса бастайды. Қарапайым кейстерден бастап, бірте-бірте күрделендіру орынды. Дайындық жұмысының көп уақыт алатыны сөзсіз. Жұмсалған уақыттың өтеуі- оқушылардың қызығушылықпен жұмыс істеуі.Дұрыс құрылған кейс  оқушының сабаққа ынтасының артуына ықпал етеді, ой-өрісін кеңейтеді. Оқушылармен өткізілген әңгіме кейспен жұмыс істеудің тиімді екенін көрсетіп отыр. Олай болса, бұл әдісті мектепте қолданудың болашағы бар.

Өздерініз осы әдісті қалай қолданып жүрсіздер, тиімділігі жайлы не айтасыздар

4
10

Комментарии (4)

Махажанова Айзат,
Преподаватель

Гүлнар апай. Мен кейс-стадиді сабағымда әлі пайдаланып көрген жоқпын. Бірақ сіздің жазғаныңызды оқып, мен де өз сабағымда қолданып көруім керек деп  ойлаймын. 

Жапабаева Меруерт,
Преподаватель

Гулнар өте керемет! практикада сәтті шықты ма? Қандай қиындықтар туындады?

Жумагулова Кулжан,
Преподаватель

Мен де Меруерттің айтқанын құптаймын. Шынымен практикада қандай қиындықтар болғанын менің де білгім келеді. Осы жұмысыңызды бір жүйеге келтіріп, мақала ретінде облыстық, республикалық БАҚ таратсаңыз жақсы болды деп ойлаймын. Ісіңізге сәттілік Гүлнар!

Ермекова Гульнара,
Преподаватель

Айзат, Меруерт, Күлжан! Айтқан тілектеріңе рахмет, көптен бері жұмыс басты болып кетіп порталға кіре алмай жүргенмін. Практикада қиыны сабаққа байланысты кейстерді табу. Ол үшін кейде гезеттерден де материал қарастырып отырамын, оны қалай кейс етіп жасауға болады деп ойланамын, әзірше керемет көп дүние емес бірақ жинап жатқан нәрселерім бар, Алла қаласа бір жерден шығар деп ойлаймын