Ақселеу Сланұлы Сейдiмбек Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Атасу аулында 1942 жылы 12 желтоқсанда дүниеге келген. Әкесi Слан екiншi дүниежүзлiк соғыста қайтыс болып, әкесiнiң ағасы Аманбектiң тәрбиесiн көрген. 1959 жылы мектеп бiтiрген соң, комсомолдық жолдамамен Қызылтау, Ақтау кеңшарының мал шаруашылығында үш жыл еңбек етедi. Ақселеу Сейдiмбек аудан орталығынан шалғайдағы мал шаруашылығында еңбек еткен жылдары ел өмiрiнiң дәстүрлi болмысына көз қанықтырып, болашақ шығармашылық iзденiстерiне түбегейлi ықпал еткен де ел өмірі.
Ақселеу Сейдiмбек 1961 жылы әл-Фараби атындағы қазақтың ұлттық университетiне оқуға түсіп, 1968 жылы журналистика факультетiн бiтiреді. Университетте оқыған жылдар ол үшiн бiлiм айдынына құлшына құлаш ұрған, әсiресе, тарих, философия, мәдениеттану, этнология, фольклортану салаларына ынта-ықыласпен ден қойып, жүйелi бiлiм алады. Ол университеттiң ”Журналист” газетiн шығарушы алқаның және М.Әуезов атындағы әдеби бiрлестiктiң мүшесi бола жүріп, ”Қайнар’’ қолжазба журналының бас редакторы, Москвадағы қазақ жастары құрған ’’Жас тұлпар’’ мәдени қозғалыстың Қазақстандағы өкiлi болып, шығармашылық және қоғамдық жұмыстарға сергек араласа бастайды.
Ақселеу Сейдiмбек университеттi бiтiрген соң, 1968-1987 жылдар аралығында облыстық және республикалық баспасөз орындарында әдеби қызметкер және меншiктi тiлшi (’’Лениншiл жас’’), жауапты хатшы (’’Орталық Қазақстан’’), әдебиет және өнер бөлiмiнiң меңгерушiсi (’’Социалистiк Қазақстан’’), бас редактор ( ’’Бiлiм және еңбек’’) болып қызмет атқарады. Бұл жылдар оның ел өмiрiне белсене араласып, әсiресе, ел жадындағы рухани қазыналарды жаңаша парықтап, оған ден қойған, сөйтiп ұлттық мәдениетке қатысты эмпирикалық материалдармен қоржынын тоғайтқан кезi едi.
Баспасөз беттерiндегi күн құрғатпай жарияланып жататын мақалаларымен қоса, бұл жылдары Ақселеу Сейдiмбектiң әңгiмелерi мен повестерi ’’Ақиық’’ (1972), ’’Қыр хиқаялары’’ (1977), ’’Тауға бiткен жалбыз’’ (1979), ’’Аққыз’’ (1981) деген атпен очерктерi ’’ Кенiш’’ (1979), ’’Серпер’’ (1982) деген атпен жеке кiтап болып жарық көредi. Ұлттық-этнографиялық бояуы қанық әңгiмелерi мен повестерi орыс, қырғыз, өзбек, эстон, чех, немiс, ағылшын тiлдерiне аударылады.
’’Кенiш’’ кiтабы үшiн Қазақстан Журналистер одағының лауреаты болып, бiрiншi сыйлықпен марапатталады. Оның 1981 жылы жарық көрген ’’Күңгiр-күңгiр күмбездер’’ атты ғылыми-көпшiлiк кiтабы қазақтың дәстүрлi мәдениетiн өзiнiң төлтума қалпында бiртұтас құбылыс ретiнде қарастыруымен, тарихи-этнографиялық дерегiнiң молдығымен, әсiресе, ұлттың рухани әлемiн парықтаудағы тың тұжырымдарымен оқырман назарын аударған еңбек болып саналады. Бұл кiтап 1985 жылы ’’Поющие купола’’ деген атпен Е.Қажыбековтің тәржімалауымен орыс тiлiнде жарық көредi.
Қазақ жеріндегі табиғат және табиғи емес ескерткіштер туралы ой толғаған "Күмбір-күмбір күмбездер” (1981) кітабында халқымыздың дәстүрлі мәдениеті, тарихи-этнографиялық болмысы, ұлтты ұлт ретінде қалыптастырып, ғасырлар қойнауынан бермен қарай өзгешелендіріп тұрған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, тіпті аңшылық, саятшылық, қолөнер, ұсталық, зергерлік саладағы ерекшеліктер жан-жақты арқау болған «Ойтолғау», «Сонар» кітаптары танымдық тұрғыдан өзінше біртөбе дүниелер. Осы еңбектердің заңды қорытындысы сияқты болып келетін «Қазақ әлемі: этномәдени пайымдау» (1997) атты кітабында қазақ халқының этнографиясына және мәдениетіне, тарихы мен фольклорына, рухани әлеміне мейлінше терең тоқталып, орнықты ойлар мен пайымдаулар ұсынады.
Ақселеу Сейдiмбек әлем әдебиетi нiң әйгiлi туындысы Гомердiң ’’Илиада’’ және ’’Одиссея’’ атты эпикалық поэмаларын қазақ оқырманына таныстыруға алғаш талпыныс жасаған. Гомер поэмаларының қара сөзбен әңгiмеленген нұсқасын ол қазақ тiлiне аударып, бұл еңбегi 1974 жылы жеке кiтап болып жарық көредi. Бұл аударма оқырман қауымның, оның ішінде оқушылар мен студенттердiң сұранысына ие болып, үлкен таралыммен бiрнеше рет қайта басылып шығады. Гомер поэмаларының қара сөзбен әңгiмеленуi және оның оқырман көңiлiнен шығуы Ақселеу Сейдiмбекке ой салады. Сөйтiп, 1979 жылы оның ‘’Алпамыс батыр’’ атты кiтабы жарық көредi. Қазақтың эпикалық қарымы кең, поэтикалық қуаты тегеурiндi жыр-дастандарын насихаттау мақсатынан туындаған бұл еңбегi эпосты қара сөзбен баяндаудағы алғашқы бастама едi. Кешiкпей-ақ, бұл бастама қазақ қаламгерлерiнiң арасында қолдау тауып, эпикалық мұралардың бiразы қара сөзбен баяндалып, жеке кiтап болып мол таралыммен жарық көре бастайды. А.Сейдiмбектiң ‘’Алпамыс батыр’’ кiтабы қазақ және орыс тiлдерiнде бiрнеше рет қайта басылып, эстон, чех, немiс тiлдерiнде жеке кiтап болып шықты.
Халқымыздың бай ауыз әдебиетінде "Алпамыс батыр” жырының алатын орны ерекше. Осы жырдың нұсқасын алғаш рет қара сөзбен әңгімелеген автор эпос оқиғасын әңгіме еткен дербес бір повесть сияқты әсер қалдырады. Ол эпостың оқиға желісін көркем проза тәсіліне бағындыра отырып, оқиғаны өрбіту, дамыту, шарықтау шегіне жеткізе алған. Мұны шығарманың ішкі тарқырыптарынан да көруге болады. Олар "Байбөрінің қасіреті”, "Көріпкел шашты Әзез”, "Алпамыстың алғашқы сапары”, "Қаһарлы Қараман”, "Алпамыстың екінші сапары”, "Қаракөзайымның диуана болуы”, "Ордадағы ойран”, "Жиделібайсын жерінде”, "Арманына жеткен Алпамыс”.
А.Сейдімбек Ұлтанның түр-тұрпатын былай береді: «Бұрын көрмеген жан Ұлтанның кебежедей кеудесін, кетпендей күрек тісін, кернейдей кеңірдегін, сығымдалған талқандай мұрнын, шыңыраудың түбінде жылтыраған судай жанарын, ошақтай үлкен аузын көрсе бейне бір құбыжық көргендей болар еді. Ол артынан от орнындай із тастап, одыраңдап жүріп өткенде жолындағы қазан-ошақ салдырап, ел көшкендей болып жататын». Жырдың қарасөзбен жазылған нұсқасын қарап отырсақ, бірде-бір орашолақ сөйлем жоқ десе де болғандай. Жырдағы теңеу, суреттеу әр сөзіне дейін қара сөзбен жүйеленіп, қаз-қалпында көшкенімен құнды.
Ақселеу Сейдiмбектiң аударуындағы жарық көрген (1988) И.Можейконың ’’7 және 37 керемет’’ ( ’’7 и 37 чудес’’) атты кiтабы аударма саласында тындырған толымды еңбек. Бұл кiтапта Азия, Африка елдерiнiң әлемдiк кереметтер санатына жататын ғажайып мәдени ескерткiштерi мен айтулы өнер туындыларының өзiндiк ерекшелiктерi және олардың дүниеге келу тарихы қызықты деректермен жан-жақты баяндалған.
Ақселеу Сейдiмбектiң кәсiпқой журналистiк қызметтен 1987 жылы қол үзуiне тура келедi. "Бiлiм және еңбек’’ журналының тектес басылымдар арасында Одақ бойынша бiрiншi орын алғанына қарамастан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты ’’Қазақ ұлтшылдығын дайындаушылар’’ санатында комсомолдың Орталық Комитетiнiң бюросында ол бас редакторлық қызметтен босатылады.
Тарих, этнография, этномәдениет, фольклорлық материалдардың негізінде жазған "Күңгір-күңгір күмбездер” (1981), «Күй шежіре» (1993), «Балталы, Бағаналы – ел аман бол» (1993) үш кітабының мән-маңызы айырықша. Бұл еңбектерінде автор қазақ халқының мәдени-рухани әлеміне ден қоя отырып, этнография мен фольклорды шендестіре зерттейді. Бұл кітаптардағы фольклорлық, этнографиялық материалдардың молдығы авторға тың тұжырымдар жасауына мүмкіндік туғызған деуге болады. Осы үш кітабында да А.Сейдімбек қазақ аңыздарының этномәдени аспектісін саралауға аса мән беріп, толымды ғылыми тұжырымдар жасай алған. Топонимдік аңыздарды жан-жақты талдай отырып, оларды халықтың әлеуметтік-этникалық және тарихи-мәдени болмысын айғақтайтын рухани қазынаның біртұтас кешені ретінде қарастырған.
Ақселеу Сейдiмбек 1987- 1997 жылдар аралығында ұлттық Fылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында лаборант, кiшi ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, жетекшi ғылыми қызметкер, бөлiм меңгерушiсi (қолжазба орталығы) болып қызмет атқарады. Бұл жылдары ол ғылыми жұмысқа бiржола ден қойып, теориялық бiлiмiн одан әрi тереңдетiп, қазақ халқының әлi де болса игерiлмей жатқан фольклорлық мұрасын жинау, зерттеу, жариялау жұмыстарымен бел шеше айналысады.
Ақселеу Сейдiмбек 1989 жылы ’’Қазақтың дәстүрлi халық лирикасындағы қара өлең жанры’’ деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Қазақтың қара өлеңi халық арасына кең тараған, ел iшiнде туындауын күнi бүгiнге дейiн тоқтатпаған, өмiр бейнелегiш және өмiр реттегiш қасиетi тегеурiндi, поэтикалық болмысы мейлiнше төлтума, көпшiлiкқолды, демократияшыл жанр ретiнде тұңғыш рет арнайы зерттеу обьектiсiне айналады, "Мың бiр маржан” кітабында қара өлеңнің төл сипаты ғылыми байсалдылықпен сарала
Өте жақсы жазылған мақала
жақсы