kz ru en

Авторизация


көркем сөз - көрікті ойдың жемісі

Тіл – халықтың жан жүрегі, оның күллі рухани-имандылық, табиғи-құқықтық ырыс-игіліктердің негізі. Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой. Көркем сөз – көрікті ойдың жемісі. Халқымыз ертеден-ақ сөз өнеріне зор көңіл бөліп, үлкен мән беріп бағалай білген. Сөздің мәнерлі, ойлы, тұжырымды болуына аса талғаммен қараған.

     «Таза мінсіз асыл сөз

      Ой  түбінде жатады.

      Су түбінде жатқан тас

      Жел толқыса шығады.

      Ой түбінде жатқан сөз

      Шер толқыса шығады»,- деген Асан қайғының сөзінен және халықтың «Бұл сөзді сатып алдым құнан нарға», «Ақылың болса, сөз тыңда» деген сөздерінен тіл өнерінің халқымыз үшін шын мәнісінде дертпен тең болғанын, асылдығын анық байқауға болады. Асыл сөздің құдіретін түсініп, астарлы сөйлей білетін халық шешендерін бұлбұл, дүлдүл, жампоз, жезтаңдай деп ардақтаса, киелі ойды кестелі сөзбен келтіріп айта білген адамды шешен атап, сөйлер сөздің айтулы шеберлерін «От ауызды, орақ тілді» деп мадақтаған. Ал сөзді талғамай айта салатындарды, өз ойын жеткізіп айта алмайтындарды «ауыздан сөзі түсіп тұрады» деп теңесе, анайы сөйлегендерді «іріген ауыздан шіріген сөз шығады»,- деп сөккен. Тіпті сөздің құдіреттілігі сондай, ел басына қиын күндер туған кезде «от ауызды, орақ тілді» би-шешендеріміз ел мен елді елдестіріп, жер дауын, жесір дауын қорғай білген. Сол бір қиыны мен қасіреті көп болған тарихи кезеңде ұлды құлдықтың, қызды күндіктің бұғауынан азат еткенде де рухани мәдениеті биік, ойы ұшқыр, от ауызды орақ тілді ақындар еді. Ұлы ғұлама Жүсіп Баласағұнидың «Тіліңді бақ, тісің сынбасын, сөзіңді бақ, басың кетпесін», деген өсиет сөзімен өзі өмір сүрген керелең дәуірдің ащы шындығын жырлағанын да тарихтан білеміз. Шынымен де қысылтаяң қатал жағдайда қайрап, егеп, «сөз тапқанға қолқа жоқ»  дегенде, ерге, елге медет болып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын-тіл, асыл да құдіретті сөз. «Мың өліп, мың тіріле» жүріп, келешек ұрпаққа өшпес мұра ретінде қалдырып кеткен ата-баба аманатының бірі – тіл, ана тіліміз. Мемлекеттің басты белгісі де – тіл.

            Кезінде ұлы билердің көкірегінде дамылдап, көрігінде шыңдалған осынау ғажайып тілде суырылып сөйлейтін, көркем әдебиетімізден нәр алып, шырынын ынталып бойға сіңірген жастарымыздың аздығы алаңдатады.

      «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай қасиетті сөздің қадірін білейік, сөзімізбен қоса ұлтымызды жоғалтып алмайық!

      Ендеше, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтіп, рухын асқақтатайық,- дей келе төмендегі жүрегімді жарып шыққан жыр-шумақтарыммен бөліскім келеді:

      Сөз – құдірет, сөз – патша шыныменен

      Қуантасың, қайғыртасың ұлы сөзбен.

      Көңілдің көкжиегін кеңейтейік,

      Әдемі кестелі сөз өрнегімен.

      Сөз қадірін білейік, құрметтейік

      Қазақтың асыл сөзін кірлетпейік

      Мемлекеттік тіліміз жасай берсін.

      Тіліміздің мәртебесін көтерейік!

Ендеше, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Еліміз еңселі, Мемлекеттік тіліміз айбынды болсын!

11
7

Комментарии (11)

Ташетова Гулбаршын,
Преподаватель

Жақсы

,
Пользователь

рахмет

Тасмурзаева Шынар,
Преподаватель

 Еліміз аман, сөзіміз дұрыс болсын

,
Пользователь

дұрыс айтасыз

,
Пользователь

Көркем сөз - біздің қазақи құндылықтарымыздың бірі

Байзақова Інжутас,
Преподаватель

толықтай келісемін!

,
Пользователь

рахмет

Кулжабаева Сымбат,
Преподаватель

Өте  мағыналы мақала.

,
Пользователь

рахмет!

Джамантаева Кулсинай,
Преподаватель

өте жақсы

,
Пользователь

рахмет