kz ru en

Авторизация


Эссе "Мен - қазіргі заман педагогімін"

Мен – қазіргі заман педагогімін

Эссе

 

Елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында,

ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында.

Н.Ә.Назарбаев.

 

  XXI ғасырда әлемдегі қайта құрулар, экономиканы дамытудағы жаңа стратегиялық бағдарламалар, қоғамның ашықтығы, оның жедел ақпараттануы мен қарқынды дамуы білім беруге қойылатын талаптарды өзгертуде. Әлем елдерінің тәжірибесінде әр елдің, әр мемлекеттің өзіне тән жалпы орта білім беру жүйесі мен мектеп үлгісі, орта мектептердің әрқайсысының қалыптасқан өзіндік ішкі құрылымы мен мазмұнының ерекшеліктері бар. Білім беру саласын ізгілендірудің басты бағыттарының бірі - белсенді оқыту түрлері мен әдістерін жетілдіру. Дәстүрлі білім беруді ығыстыра отырып, елімізде білім берудің ұлттық үлгісі қалыптасуда. «Адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш – білім» дегендей, қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда.

Заман өзгеріп, біз жаңа бағытқа бет бұрдық. Қазіргі заман мұғалімі «мұғалім-фасилитатор» және «мұғалім-челленджер» рөлдерінде болу керек. Осыған байланысты Қазақстанға (2012) Кембридж университеті ғалымдарының оқыту тәсілі, яғни жеті модуль идеяларынан тұратын білім беру мен білім алудағы жаңа бағдарлама енгізілді. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибесін жетілдіру мен бағалауға көмектесу, яғни оқушыға дайын білім бермей,оны дамыта оқытып, ізденушілік-зерттеушілік әрекетінің ұйымдастырылуын, игерген білімін іс-әрекетте пайдалана алуын көздейді, ал негізгі мазмұны жеке жеті модуль түрінде берілген. Осы курстан ерекше көңіліме түйгенім - әр күнде түрліше сабақты ұйымдастыру түрлері, яғни, балаға қолайлы орта жасау және оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері болды. Бұл бағдарламаны оқып-үйреніп, оны өз жұмысымда қолданып  кәсібімнің қыр-сырына тереңдей түстім. Әрине, әр сабаққа дайындық керек, оқушыларға шығармашылық бағыт-бағдар бере отырып, үздіксіз іс-әрекетке жетеледім. Оқушылар сыныпқа сабаққа кіргенде өзіне жасалған жағдай мен мұғалімнің психологиялық–эмоционалдық күйіне алдымен назар аударады. Оқыту үдерісінде жеке тұлғалардың өздерін еркін сезінуі мен қауіпсіз сезінуі сабақтың нәтижесіне көп әсер етеді. Сондықтан оқушылар үшін ынтымақтастық атмосфера қалыптастырып, мәдени-эстетикалық жағдай жасау менің міндетім. Алдыңда отырған балаға білім бермес бұрын оның жан дүниесін, мінез-құлқын, денсаулығын, қабілетін, есте сақтау деңгейін, отбасы жағдайын, нені қалап, нені қаламайтынын білген жөн. Әр сабақтың ұйымдастыру кезеңінде оқушылардың амандасуын, психологиялық-эмоционалдық дайындық сәтін өткізіп, олардың жан-дүниесіне үңілу арқылы сабаққа қатысуға баланың дайындығына бақылау жасап аламын. Өйткені мұғалім мен оқушылардың арасында өзара түсіністік, мейірімділік қарым-қатынас орнату сабақтың жемісті өтуінің басты кепілі. Ынтымақтастық орнату мақсатында «Жақсы тілек», «Әсем күлкі,ақ тілек» т.б тренингтерін ұйымдастырдым. Бұл тренингте оқушылар бір-біріне жақсы тілектер айтып, сабақты жақсы көңіл-күймен бастайды. Сондай-ақ, оқушылардың арасында өзара достық, сыйластық қарым-қатынастың болуына да назар аударамын. Топтық жұмыс, біріншіден, оқушыларға бірігіп жұмыс істеу мүмкіндігін тудырады. Екіншіден, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Үшіншіден, бірін-бірі оқытуға, бірінен-бірі үйренуге жағдай жасайды. Бұл әдіс сонымен қатар топ болып ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс жасауға,ойын еркін ортаға салуға, бірінен- бірі үйренуге септігін тигізді.

 Бұрынғы оқушы тыңдаушы, орындаушы болса, ал қазіргі оқушы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек. Осы курста сабақтың сапасын арттыруда тренингтік жұмыс формаларының тиімділік жақтары көп айтылды. Олар көбінесе жұптық,топтық жұмыстар, бірігіп постерлер жасау, оқушыларды бір — бірлерімен көбірек қарым- қатынас жасату. Оқушылар бір- бірімен араласа отырып,сөйлеуге үйренеді, бір—біріне ықпал етеді. Осындай арнайы курстар мені жаңашыл мұғалім болуға, өз тәжірибеме үнемі сараптама жасап, өзгерістер енгізуге ынталандырды. Әр сабақ сайын ойың жаңарады, жаңа идеялар пайда болады, жаңа жобаларға ұмтыласың. Егер ойың жүзеге асса, өзіңе сенімің артады. Бала жаны жаңалыққа құмар, белгісіз нәрселерді ашуға тырысатындықтан, олардың талпынысын дамытуға көп көңіл бөлемін. Баланың оқуға ынтасын, қызығушылығын қалыптастырудың бір жолы – пәнді оқытуда тиімді тәсілдер арқылы оқу материалын оқушының өздігінен түсінуі мен шешуі болып табылады. Қазіргі әдісім сабақты меңгерту жолдарына бағыт беріп отыру. Сабақ барысында мұғалім аз сөйлеп, ал оқушылар көп сөйлеуге (сұрақ қою, мысал келтіру, ой бөлісу, достарының жауабының дұрыс-қатесін дәлелдеу т.б.) дағдылануы тиіс. Мұғалім берген тапсырманы орындауға, сұраққа жауап беруге топпен ақылдасу арқылы оқушылардың барлығы қатысады, белсенділігі мен жауапкершілігі артады. Білім берудің сапасын жақсарту мақсатында жеті модульді өз сабақтарымда қолданып жүрмін. Бұл технология мені қызықтырғаны баланың өзі ізденіп дәлелдеуі. Ол бұрын тек тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім осы әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы. Жаңа оқыту бағдарламасы оқушының еркін сөйлеуіне, пікір таластыруына, достарының ойын тыңдауға, проблеманы шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты шешуге бағытталған. Сабақтарды ерекше , жаңа технология жобасымен өтуі оларға еркін сөйлеп, ойларын ашық жеткізуге, сыншыл көзқарас байқатуларына мүмкіншілік туғызғандай. Бүгінгі қоғамға да, мектепке де керегі осылар. Біз бұрын талантты оқушы деп тек 5-ке ғана оқитын оқушыларды танумен болатынбыз. Енді менің түсінігім, кез келген оқушыны жеке тұлға ретінде қарап, әр балаға қарай жұмыс жасасақ, талантты да, дарынды да оқушылар өздері суырылып шығады екен. Дәстүрлі сабақтарым мен қазіргі жаңа тәсілдерді пайдаланып өткізген сабақтарымнан көптеген айырмашылықтарды байқадым:

-Барлық оқушылар сабаққа өте белсенді қатысады;

-Барлық оқушылар өздерін еркін сезінеді;

-Жауапты бірлесіп іздейді, жолдастық көмек, бір- біріне деген жауапкершілік сезімі пайда болады;

- Ең бастысы олар бір-біріне әсер етеді, бір-бірінен үйренеді;

- Ынтымақтастық атмосфера қалыптасады;

- Жүйелі сұрақтар қоюға, сұхбаттасуға дағдыланады;

- Сабақ өте қызықты өтеді.

Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.   Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау - әр мұғалімнің борышы. Ол - өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады. Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында. Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады», - дейді. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын - еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру»,- деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. «Педогогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі. Мұғалім шеберлігі жайлы жазылған дайын қағида жоқ, болуы да мүмкін емес.

ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болу керек? Әрине, ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл - әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет. Сондай-ақ ұстаз күнбе- күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс. Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады. Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұғалімін ұстазым деп атайды.

Жаһандану дәуірі – әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық деңгейде өзара кірігу үрдістерінің жандану дәуірі де болғандықтан, білім – пайдалы инвестиция саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Елбасымыз: «Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады», -деген болатын. XXI ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар, күрделі экономикалық реформалар сияқты көріністерімен ерекшеленеді. Сол кезеңге сай интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу- әр мұғалімнің міндеті. Мұғалім – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі.  Мұғалімнің негізгі басты мақсаты - рухани бай, іздемпаз, адамгершілігі мол адамды қалыптастыру болып табылады. Қазіргі заманғы мұғалімдер информатор, бақылаушы, тексеруші,жазалаушы қызметін тастап, керісінше ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш,шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек. Білім берудің мақсатын айқындау үшін Жүсіпбек Аймауытовтың мына сөздерін еске алған жөн: "Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашынған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің кездейтін түпкі мақсаты — осы. Мектеп осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек". Сондықтан да ұстаз алдындағы басты міндет ХХІ ғасырдың есігінен еркін енетін, дүниежүзілік мəдениетті танитын, төл мəдіниетін құрметтей білетін, рухани дүниесі бай,интеллектуалдық өрісі кең, білімі жоғары, құқықтық құжаттық мəдениеті, білімді, жан жақты ақпараттандырылған заман талабына сай белсенді ұрпақ тəрбиелеу Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау - әр мұғалімнің борышы. Ол - өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады. Біздер, мұғалімдер, күнделікті өмірдің жай ғана адамы емес, болашақты құрушыларды, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырғанымызды ойласақ, мұғалім мұратының қандай болатыны өзінен-өзі айқын. Осыған байланысты ұстазға тән мынадай сипаттарды даралап көрсетуге болады: - дүниетанымдық көзқарасы, сенімі - қызметке бейімділігі - кәсіптік білімі мен біліктілігі - қамқорлық көзқарас, сүйіспеншілік сезім - ұйымдастырушылық қабілет - заманға сай жаңашылдық. Осындай даралық қасиеттер ұстаздық бақытқа жеткізеді. Бақыттың үлкені - өзіңді-өзің тану. Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс-қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті атаймыз.Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. ХХІ ғасыр - білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн.

5
21

Комментарии (5)

Зейтова Анар,
Преподаватель

бәріміздің ойымыз бір бағытта. енді осы мақсатымызды іске асырсақ , жеңіске жетеміз

Аменова Айнагуль,
Преподаватель

Ой бөліскеніңізге рахмет!

Хизирова Маржанкул,
Преподаватель

Кеш болса да, мақалаңызды оқып, пікір бөлісуді жөн көрдім. Ойыңыз өте орамды. Әрине, бүгінгі заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, кез келген тақырыпта өз ойын жоғары талғаммен жеткізетін саналы ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздың да өте сауатты, мәдениетті болуы  заңды құбылыс.                                                                                       Педагогикалық шеберлігіміздің дами түсуі - әрбір мұғалімнің жетістігіне бастар үлкен жол деп ойлаймын. Тек қана СӘТТІЛІК!!!

Секебаева Саягуль,
Преподаватель

Мақалаңыз маған өте ұнады! Жас маман ретінде өзіме қоятын талабым да осы. Жаңа заманауи талаптарға сай, шығармашыл, жан-жақты, білімді, икемді ұстаз болу арманым және сол мақсатыма жетуге әрекет етудемін. Сәттілік тілеймін сізге!

Аменова Айнагуль,
Преподаватель

Пікірлеріңізге рахмет, Сіздерге де сәттілік тілеймін!