kz ru en

Авторизация


Заманауи педагогикалық технологиялар – білім сапасын дамытудың негізі

Самуэль Мэйсон «Мектепке өзгеріс енгізу үшін ең алдымен  сол мектептің алғашқы ахуалын түсініп, келешекте қандай болғысы келетінін анықтау қажет деген». Мектепке өзгеріс енгізу үшін мектептің мықты және әлсіз жақтарын анықтау қажет. Жалпы көпшілік мектептерге тән проблема - оқу сапасын арттырудың қандай тиімді жолдары бар екенін табу. Бұл міндеттерді шешу үшін әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәрбиеге, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды. Сондықтан да, әр мұғалім өз әрекетінде қажетті өзгерістерді, әр түрлі тәжірибелер жөніндегі мағлұматтарды, жаңа әдіс тәсілдерді оқып, үйреніп, дұрыс пайдалана білуі керек. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы барысында орта білім берудің жүйелі реформалануы қоғамдық тұрғыдан үлкен маңызға ие. Білім беруді реформалауды жүзеге асырудың және бір маңызды сипатты қазіргі уақыттағы оқыту үрдісін технологияландырудың қажеттігінен тауып отыр[1].

Педагогика жаңалықтарының бірі - оқытудың іс-тәжірибесіне әлемдік жаңа әдіс-тәсілді енгізу. Бүгінгі күнде сапалы білім беру, бұл – мұғалім іс-тәжірибесіне өзгерістер енгізу. Ол өзгерістер мұғалімге де, оқушыға да ең бастысы оң нәтижелер беруі тиіс. Әрине, оқытудың барлық әдіс-тәсілдері оқушыны дамытуға құрылып келеді. Дегенмен дәстүрлі оқыту түрлерінде оқулық пен мұғалімнің пікірлері шеңберінде шектелу басым болды. Бүгінгі оқыту оқушы қабілеті, оны жан-жақты дамыту, даму әрекеттерін ұйымдастырудың қажеттігін дәлелдеп отыр. Біздің әрекетіміз – баланың сабақ үстіндегі әрекетін ұйымдастыру, әрекет нәтижесін байқау, қабілетімен еркін атқара алатын ісі, соның нәтижесіндегі тұжырымына көз жеткізу.

XXI ғасырда әлемдегі қайта құрулар, экономиканы дамытудағы жаңа стратегиялық бағдарламалар, қоғамның ашықтығы, оның жедел ақпараттануы мен қарқынды дамуы білім беруге қойылатын талаптарды өзгертуде. Әлем елдерінің тәжірибесінде әр елдің, әр мемлекеттің өзіне тән жалпы орта білім беру жүйесі мен мектеп үлгісі, орта мектептердің әрқайсысының қалыптасқан өзіндік ішкі құрылымы мен мазмұнының ерекшеліктері бар. Білім беру саласын ізгілендірудің басты бағыттарының бірі - белсенді оқыту түрлері мен әдістерін жетілдіру. Дәстүрлі білім беруді ығыстыра отырып, елімізде білім берудің ұлттық үлгісі қалыптасуда. Әлемнің оқыту технологиялары жоғары дамыған елдерінің (Жапония, Германия, Голландия) тәжірибесіне назар аударғанда түпкі мақсат - баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру, яғни, бірінші орында баланың білім, білігі мен дағдысы емес, жеке тұлғаның білім алу арқылы дамуын қойған.

Дүние жүзі елдерінде, атап айтқанда, АҚШ-та, Англия мен Германияда жалпы білім беру ұзақтығы 12 не 13 жыл, ал Жапонияда, Швецияда, Францияда, Италияда – 12 жыл. Жоғары орта білім беру сатысында оқушыларға білім беру үдерісінде бейіндік оқыту толық өлшемде жүзеге асырылады. АҚШ-та білім беру жүйесін зерттеушілер «демократиялық», «барлығы үшін ашық», «білім беру мүмкіндіктері тепе-тең» деп атаған. Ал оның құрамындағы әрбір штат білім мазмұны және құрылымымен, оқу бағдарламаларымен айрықшаланады. Әрбір оқушыға арнайы оқу жоспары құрылып, одан кейін оқушылар топтарға бөлінеді: филологиялық, қоғамдық, математикалық, жаратылыстану, ақпараттық. Солардың көмегімен оқыту бағыты бойынша саралау, яғни білім беру қызметінің вариативтілігі әртүрлі таңдау пәндері бойынша оқу пәндерінің аймағын кеңейту арқылы жүзеге асырылады Білім деңгейін бағалау мен бақылау барысында көбінекей кредитті көп қолданады. Мектепті бітіргендігі туралы аттестат алу үшін небәрі 16 кредит жинауы қажет. Бала бақшаны бітірген 99% бала 6-13 жасар мектепке түседі, 94%-ы 17 жасқа дейін оқуды жалғастырады, 29%-ы 18-24 жасар колледж бен университет студенттерінің қатарына қосылады.АҚШ-та нақты «жоғарғы оқу орны» деген түсінік жоқ. Бұған орта оқудан кейін білім беруді жалғастырушы оқу орындары кіреді. Жоғарғы  білім алу мүмкіндігінің қаржы төлемі АҚШ-та  қымбат.[2]

Жоғарыда айтылған мемлекеттерде білім беру үдерісінде бейіндік оқыту жүзеге асырылады, бейіндік оқыту Қазақстан мектептерінде 10, 11 сыныптарда жүзеге асырылуда. Десек те жоғары оқу орнына түсуге келгенде бөлінген бейіндердің мазмұнында ерекшеліктер жоқ. Қазақстандық білім реформасында осы бейіндік бағыттардың өз шеңберінде жүргізілуі үшін, орта буында бейіналды сыныптар болу керек.

Ұлыбританиядағы жалпы білім беру ұзақтығы 13 жылға тең келеді. Мұнда 3 түрдегі мектептер бар: жалпы мектеп, грамматикалық мектептер мен қазіргі таңдағы (MODEM) мектептер. Ұлыбританияда екі негізгі бейіндік бағытта оқыту жүргізіледі: біріншісі – «академиялық»-таңдаған пәнін тереңдетіп оқу (ол жоғары оқу орнына түсуге жол ашады), екіншісі – «кәсіби»-қолданбалы және кәсіби пәндерді қысқартылған оқу жоспарына сәйкес оқыту болып табылады.[3]

Финляндияның бүгiнгi бiлiм саласының жағдайы кiсi қызығарлықтай. Ең алдымен, жоғары стандартты бiлiмдi; екiншiден — ғылыми әзiрленiмдерге қаражатты бөлудегi бәсекелестiктi; үшiншiден - келешектiң ұлттық инфрақұрылымдарын; төртiншiден - мемлекеттiң, ғылым мен бизнестiң күшiн бiрiктiрудi үйренуiмiз керек. Фин елiндегi мектептi бiтiрушi түлектер арасында ұстаздыққа деген құлшыныс жоғары болатын көрiнедi. Мұндағы қызығушылықты тудыратын нәрсе - елдегi мұғалiмдер жалақысының жоғары болуы ғана емес. Бiлiм берудiң осындай икемдi жүйесi арқылы Финляндия Еуропада халқының сауаты жағынан алдыңғы қатарға шығып отыр. Мәселен, Еуропа елдерiнде 15 жастан асқан азаматтар арасындағы жоғары бiлiмдi тұлғалар саны 16 пайызды құраса, Финляндияда бұл көрсеткiш 24 пайызға дейiн жетедi. Бiлiм беру жүйесiнiң сапасына қатысты әлем елдерiнде бiрқатар тәуелсiз зерттеулер жүргiзген орталықтар шындығында да Финляндияның бiлiм-ғылым саласын жоғары бағалаған. Атап айтқанда, PISA-ның (Programme for International Student Assessment - Оқушылардың бiлiм жетiстiгiн бағалау жөнiндегi халықаралық бағдарлама) 2012 жылғы зерттеулерiне сәйкес, Финляндия мен Қытай бұл салада әлем елдерiнiң iшiнде көшбасшы мемлекеттер ретiнде танылып отыр. Фин елiнiң бiлiм беру үлгiсiндегi басты ерекшелiк — бiлiм берудiң үздiксiз жүйесiн қолдануында болса керек. Финляндияда ең бастысы балалардың мектепке дейiнгi мекемелермен қамтылуына үлкен назар аударылған. Жалпы қай саты болмасын, Фин елiндегi бiлiм саласының мемлекеттiк қолдауы өте жоғары. Жыл сайын Фин үкiметi бiлiм беру саласын қаржыландыруға 5 млрд. 466 млн. еуро шамасында немесе бюджеттiң шығыс бөлiгiнiң 15,5 пайызын жұмсап келедi. Яғни, бiлiмге мән берудiң арқасында — финдер технологиялық озық жетiстiктерге жетiп отыр.

Бүгiнде Қазақстан мен Финляндия сауда-экономикалық байланыстарды сапалы жаңа деңгейге көтеруге айрықша маңыз беруде. Оған дәлел, келiссөздердiң қорытындысы бойынша Қазақстан Үкiметi мен Финляндия Үкiметi арасында бiлiм саласындағы өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қойылды. Өткен ғасырдың бас кезінде-ақ неміс ойшылы Макс Вебер мәдениет пен экономикалық дамудың өзара қимылын зерттеп біршама қорытындылар шығарған екен. Оның пайымдауынша, үлкен ауқымнан қарағанда, ұлттар тауарлармен және қызмет көрсетулермен ғана бәсекелеспейді - олар қоғамдық құндылықтар жүйелерімен және білім беру жүйесімен де бәсекелеседі. Бұл бір жағынан бүгінгі күні де анықталып, айқындалып келе жатқан дүние. Өйткені, бүгінгі күні бірінші кезекте адамның «ақыл ойына» да көп күш салынады. Сонымен бірге, бәсекеге қабілеттілік деңгейін айқындайтын негізгі өлшемдердің бастылары да білім саласымен тікелей байланыстылар. Сондықтан да, Қазақстанның әлемдегі озық үлгі орнатқан елдердің жолымен жүргені құптарлық шара. Бұл жайында былтырғы Фин еліне сапары барысында Елбасы: «Финляндиямен қарым-қатынас Қазақстан үшін аса қажетті. Себебі, бұл ел әлемде өзіндік орны бар, білім-ғылым саласында, инновация бағытында алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі. Егерде біз бәсекеге сай ел болғымыз келсе, Финляндияның жүрген жолымен өтіп, тәлім-тәрбие алғанымыз өте пайдалы болады», - деп атап өткен еді.[4]

Әлемдегі дамыған елдердің (Германия, АҚШ, Франция, Англия, Жапония, Швейцария және т.б.) білім жүйесін талдауда көрсеткендей, олардың бәрінде орта мектеп 12 немесе 13 жылға дейін созылып, соңғы 2-3 жылда міндетті түрде бейінді оқыту жүзеге асырылады. Осы елдердің барлығында оқушыларға жалпы білім негіздерін бере отырып, бейінді оқыту сатысында оларды әрқайсысының жеке интеллектуалдық-шығармашылық қабілеттеріне, рухани сұраныстарына бейімдей отырып, даралап, жеке білім бағдарламаларымен оқыту тәжірибелері қазіргі заман талаптарына бірден-бір лайық жүйе және ол тиімді нәтижесін беріп отыр.

Қазақстанның білім беру жүйесіне реформа қажет. Реформаның негізгі  бағыттары білім берудің жаңа мазмұны мен технологиясына көшу, жеке тұлғаның үйлесімді дамуына жағдай жасайтын білім дағдыларының базалық компоненттерін анықтау, мектеп құрылымын өзгерту, бейіндік даярлыққа жол ашу. Ал реформалау принципіне білім берудің қол жетімділігі, білім берудің үздіксіздігі және оның сатыларының сабақтастығы жатады. Оқытудың жоғары сатысында белгілі мәселе төңірегінде ой қозғай алатын, жеке пәндерге деген талғамы, талғауы бар саналы азамат ретінде оқушыны тани алуымыз керек. Сондықтан қазіргі заманғы мектептің оқушысы нарықтық қатынастар мен ақпараттық қоғамның өзгермелі жағдайларына анағұрлым дұрыс бейімделген, жүйелі білім негіздерін тәжірибелік іс-әрекеттерге ұштастыра білетін, функционалды сауатты, өмірлік қажетті құзыреттіліктері қалыптасқан, өзін-өзі дамытуға, өз бетінше табысты өмір сүруге, өзіне және қоғамға пайдалы қызмет атқаруға лайықты тұлға болуы тиіс.

Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап дамыған кезінде оқу - білімнің, соның ішінде болашағымыз бүгінгі мектеп оқушысының білімі мен тәрбиесі маңызды мәселе. Еліміздің әлеуметтік-экономикасының дамуына өзіндік үлес қоса алатын, өзіндік ой-пікірі бар жан-жақты дамыған, білімді де, білікті тұлғаны дайындап, тәрбиелеу аса құрметті қоғамдық  міндет. Себебі, ел тұтқасын жан-жақты білімді ұрпақ ұстанған шақта ғана өркениет алға дамымақ. Жас ұрпаққа білім беруде, оларды болашақ еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу әр ұстаздың, әрбір мектептің ең қасиетті міндеті. Осы міндеттерді орындау мақсатында білім беру саласында да елеулі, әрі ауқымды өзгерістер өрістеуде. Осы мақсатта мемлекетіміздің білім сапасын арттыратын түрлі құжаттар қабылданып, бағдарламалар енгізілуде. Мемлекет тарапынан көптеген қаражаттар бөлініп, еліміздің көп жерлерінде мұғалімдердің біліктілігін көтеру курстары өткізілуде. Мемлекеттік білім беру жүйесін әлемдік үздік үлгіге сәйкес деңгейге көтеру көзделген. Жеке тұлғаның білім алу және рухани қажеттіліктерін, оның мүмкіндіктерін ескеріп қанағаттандыру. Білім беруді жаңарту үнемі алға қарай ұмтылу мен дамыту үдерісі, бұл білім беруде кезең кезеңімен өтетін және алынған нәтижелерге бағытталған өзгерістер. Қоғамдағы жүріп жатқан өзгерістер, ғылыми техникалық прогресс және жалпы білім беретін мектеп құрылымының өзгеруі - жас ұрпақты тәрбиелеуді дамытып қалыптастыруды талап етеді. Қазіргі өркениетке жеткізетін құрал тек қана - білім. Білімді ұрпақ қана болашақ иесі болып табылады. Білім - қоғамды әлеуметтік мәдени ғылыми үрдіспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, қауым үшін де, қоғам үшін де жоғары құндылық. Оқушылардың сапалы білім алуы мұғалімдердің білімділік және кәсіби шеберілігін қажет етеді. Әр ұстаз оқу тәрбие жұмысына шығармашылықпен қарап, жаңа заман талабына сай, осы бағдарлама мазмұнына сай, сабақты түрлендіру мақсатында оқытудың түрлі әдістерін пайдаланса, игі нәтижеге жетері сөзсіз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев кезекті жолдауында «Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет» деп көрсеткен еді. Қоғамымыз өте тез, шапшаңдықпен қарқындай дамып отырған мына заманда халық ағарту саласының қызметкерлеріне түсер салмақтың жеңіл болмасы да анық. Заман талабы мен уақыт көшіне ілесу ұстаздар қауымына үлкен сын.

Назарбаев Университетінің Білім беру саясаты орталығы мен Ұлыбританиядағы Кембридж Университетінің ұсынынған бағдарламасы қазақстандық мұғалімдердің тәжірибесіне сапалық өзгерістер әкеледі деген сенімдемін. Бағдарламаның негізгі мазмұны оқытудың жаңа формасы туралы, оқу мен оқытудағы өзгерістер, оған басшылық жасау әрекеттерін үйрету, оқушыларға қалай оқу керектігін үйретудегі түрлі тәсілдер, білімді бағалау жолдары туралы айтылған. Оқыту мен оқудағы өзгеріске жетелейтін, оқушыларға қалай оқу керектігін үйрететін бірден бір тәсіл ол - топтық жұмыстарды ұйымдастыру екендігі белгілі.

Қазақстан Республикасы дамыған елдердің қатарына қосылу үшін ұстаздар қауымының қосар үлесі зор. Сондықтан ең алдымен Отанымызды, мамандығымызды, оқушыларды сүйюіміз керек. Әр қашан да білімімізді жетілдіріп, шығармашылық ізденісте бола отырып, жас ұрпаққа сапалы да, саналы білім беруіміз керек. Заман талабына сай оқыту үшін тұлғаның білімде игерген жаңа әдістерді тиімді қолданып, алған білімдерін қоршаған ортада өздерінің қажеттіліктеріне қарай қолдана алуға тәрбиелеу. Осыны іске асырудың жолы жас ұрпаққа сыни тұрғыдан оқытып, нәтижесінде ойын еркін жеткізетін, ынталы, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын тұлғаны қалыптастыру.

Дарынды тұлғаны қалыптастыру үшін ең бастысы мектептің психологиялық ахуалын, әлеуметтік өзара әрекеттестіктің маңызын жақсарту керек (мектеп әкімшілігі, оқытушылар, оқушы, ата-ана). Ол үшін мектеп психологімен мектеп ұжымының әрекеті үйлесімді болу керек деп ойлаймын.

Егер де мектепке реформа кіргізетін болса мектеп қабырғасына енген тұлғаның бойына біткен қасиетін анықтап ашып, баланың бейіміне қарай оқыту үрдісін ұйымдастыра отырып оқушының сұранысын қанағаттандыруды негізге алатын нормативті құжат дайындау. Бұл ой тұлғаның дамуына нақты қадамдарды жасау кейінгі жылдарда ғана қолға алынып отырғандықтан оны ары қарай бекітілген заңды құжатқа сүйене отырып дамыту керек. Бұған дәлел ретінде мектеп ұжымы мен оқушылар, ата-аналардан алынған сауалнамалардан туындаған жағдаяттар. Мысалы, ұжымда жүргізілген сауалнаманың көздеген мәселесі «Мектептің оқу-тәрбие үрдісінің өзгеруіне не қажет?», оқушылармен талданғаны «Мұғалім –оқушы қарым-қатынасы», ата-аналар арасында «Сіздің балаңыз оқитын мектепке қандай өзгеріс енгізгенін қалайсыз?» төңірегіндегі сауалнамалар алынып, диагностикалық сараптамалар жүргізілді. Нәтижесі бойынша сабақтардың көбіне дәстүрлі формасымен өтілуі айқын басымдылық көрсетті. Осы кемшілікті жою үшін жаңа инновациялық технологияларды қолдану қажеттілігі анықталды. Бұл технологияларды енгізу материалдық-техникалық жағдайына тәуелді болғандықтан осы саланы жақсару қажет.

Еліміздің білім беру жүйесін 2015 жылға дамыту тұжырымдамасында: «Жылдам өзгеріп отыратын заманда алынған білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білетін, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» деп нақты көрсетілген. Осы мақсаттың жүзеге асырыла бастауының бірден бір себебі - сындарлы оқыту теориясы деуге болады.

6
15

Комментарии (6)

Aсанова Индира,
Преподаватель

Жаңашыл технологиялардың білім сапасын арттырудағы маңызы зор деген пікіріңізге толықтай қосыламын. Іздену, заман ағымына ілесіп жаңаны меңгере білу  бүгінгі заман ұстазының басты ұстанымы болуы керек деп ойлаймын.

Абдыкова Самал,
Преподаватель

Мен де сіздің пікіріңізбен келісемін. Бүгінгі таңда мектептегі сабақтар көбіне дәстүрлі формамен өтілетіні рас. Бұл кемшілікті жою үшін жаңатехнологияларды қолданумен қатар мұғалімдердің көзқарасын да өзгерту қажет.

Хизирова Маржанкул,
Преподаватель

Ойыңыз орамды. Бірақ мұғалімнің өз көзқарасы өзгермей, өз тәжірибесіне жаңалықтарды енгізбейінше, жан-жағындағы әріптестерге ешқандай әсер ете алмайтыны белгілі жайт.

Зейтова Анар,
Преподаватель

Иə, мен Маржанкүлдің пікірімен келісем. Ең алдымен оқытуға ұстаздың көзқарасы өзгеру керек

Аубакирова Асем,
Преподаватель

Мақалаңыз ұнады. РахметІ

Аменова Айнагуль,
Преподаватель

Сізге де рахмет!